Menu HELPDESK

Құрманғазы оркестрінің «Ұлттық» мәртебесі құтты болсын!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығына сәйкес, қазақ музыкасының қарашаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі «Ұлттық» мәртебесіне ие болды. Осыған орай бүгін оркестр залында мерекелік іс-шара өтті.
Құрманғазы оркестрі академик Ахмет Жұбанов ХХ ғасырдың алғашқы жартысында құрған сәттен бастап ұлттық болмысымызды әлемге танытып келе жатыр. Елбасымыз кезінде «Қазақтың інжу-маржаны» деп баға берген оркестр бүгінде бүкіл әлемге халқымыздың музыкалық өнерін, бірегей музыкалық аспаптарын және Ұлы дала әуенінің құдыретін танытып келеді.
Оркестрдің 86 жылдық ғұмырында ұжым құрамында мәдениет және өнер қайраткерлерінің үлкен шоғыры еңбек етіп, көптеген жас музыканттар өз шеберліктерін шыңдады. Консерватория ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әділханұлы Жүдебаев  оркестрдің бас дирижері қызметін атқарғанын көпшілік жақсы біледі. Бүгінгі салтанатты шарада Арман Әділханұлы оркестр директоры Медет Ермекқалиұлына консерватория ұжымының атынан құттықтау хатын табыстады. Осы орайда «Ұлттық» мәртебесіне ие болған өнер ошағын қуанышты жаңалығымен құттықтаймыз! Оркестрдің төл өнерімізді жаңғыртудағы еңбегі жана берсін!


Альбомдарға оралу