Menu HELPDESK

«Абай әлемі» үздік ғылыми жұмыс байқауында магистрантымыз жүлдегер атанды

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен «Абай әлемі» үздік ғылыми жұмыс байқауының қорытындысы жарияланды.

Қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының» директоры Жабал Шойынбет, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясының шеф-редакторы Қайсар Қауымбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар бар.

Магистранттар арасында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің І курс магистрі Мустафа Шохаев жеңімпаз атанып, 400 000 тг жүлдеге ие болса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс магистрі Абай Мырзағали мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ІІ курс магистранты Шерхан Мухамбетжанов екінші орынды иеленіп, әрқайсысы 300 000 теңгеден сыйақы алды. Үшінші орын иегерлері «Тұран-Астана» университетінің І курс магистрі Калиакбар Үсемханға, І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университетінің ІІ курс магистрі Ақбота Қажыбекова мен І курс магистрі Зейнегүл Жұмабековаға 200 000 теңгеден берілді.

Жеңімпаз жастарды жүлделерімен құттықтап, сарқылмас шабыт, қажымас қайрат тілейміз!


Альбомдарға оралу