Menu HELPDESK

Алматыда «Баритондар шеруі» атты III ашық Халықаралық опера байқауы басталды


2022 жылғы 1 қазан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Халық артисі, аса құрметті де қадірлі профессор Ғафиз Қадырұлы Есімовтің «Баритондар шеруі» атты III ашық Халықаралық опера байқауы басталды. 

Өнер сайысының ашылу салтанатының кіріспе сөзі консерватория ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Арман Әділханұлы Жүдебаевқа берілді. Ал мерейтой иесі өнер бәсекесі басталар алдындағы өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Байқау Ғафиз Есімовтің 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Өйткені, оның шығармашылығы шын мәнінде жоғары орындаушылық мәдениетімен, руханилығымен, нәзік лиризмімен, әсіресе, қазақ әндерін орындаудағы, жарқын саздылығымен, артистік темпераментімен ерекшеленеді. Өнерпаздың репертуарында қазақстандық және шетелдік композиторлардың әндері мен романстары бар. Ол Қазақстанның өнерін Жапония, Франция, Италия, Германия, Үндістан және басқа да елдерде паш етті.

Байқаудың ашылу салтанатына мерейтой иесінің атақты шәкірттері ән шашуларын арнады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев С. Рахманиновтың «Алеко» операсынан Алеконың ариясын орындаса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов Жаяу Мұсаның «Сұрша қызын» қалықтатты.

«Баритондар шеруі» байқауына қатысушылардың бәсекесін құрметті қазылар алқасы бағалайды. Олардың құрамында: Қазылар алқасының төрағасы, Халық артисі, профессор – Ғафиз Қыдырұлы Есімов, Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз опера және балет театрының жетекші солисі, Қырғыз Республикасының Халық артисі – Сталбек Алмасбеков, Қазақ опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор – Азамат Қайратұлы Жылтыркөзов, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақ опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанат Бақытжанұлы Шыбықбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, өнер магистрі – Танагүл Қайкенқызы Бекназарова бар.

Баритондар бәсекесі 2022 жылғы 2 қазан күні Гала-концертпен аяқталады.
















Альбомдарға оралу