Menu HELPDESK

АРДАГЕР ҰСТАЗ БАЛЫМ ҚОЖАМҚҰЛОВА ӨМІРДЕН ОЗДЫ


Ұстаз, ғалым, тамаша қасиеттерді бойына сіңірген таңғажайып тұлға Балым Серәліқызы Қожамқұлова өмірден озды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі, сондай-ақ Ы.Алтынсарин және «Мәдениет саласындағы үздігі» медалінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Ішекті аспаптар» кафедрасының (ЖАК) профессоры.

         Ол 1937 жылы 5 қазанда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Халық артисі, Социалистік Еңбек ері Серәлі Қожамқұловтың отбасында дүниеге келген. 1963 жылы Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыка академиясын бітірді. Сол жылы К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған орта музыка мектебінде және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Скрипка» мамандығы бойынша оқытушы болып жұмыс істей бастады. 1989-2008 ж.а. консерваториядағы жұмысын А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Қазақ мамандандырылған орта музыка мектебінде ұштастырды.

Көптеген жыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Ішекті аспаптар» кафедрасында «скрипка» мамандығы бойынша ұстаздық қызмет етті. 1980 жылдан 1984 жылға дейін «Ішекті аспаптар» кафедрасының меңгерушісі, 2005-2008 жылдары – «Оркестрлік аспаптар» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Оқытушылық қызметі жылдарында Б.С. Қожамқұлова жоғары білімді 85 студентті, 10 аспирант және магистрантты, орта-арнаулы білімді 15 түлекті дайындады. Қазақстанның музыкалық мәдениетінің мақтанышы болып табылатын көптеген скрипкашыларды тәрбиелеп шығарды, олардың ішінде Абай атындағы МАОБТ концертмейстері – Ш. Төлепқалиева, «Астана Опера» концертмейстері – А. Байкенова,  ҚазҰӨУ профессорлары А.К. Қармысова, Д.Ж.Жұмабекова, Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры С.С. Жүсіпова, профессор, солист және дирижер А.Г. Пьянковский және басқалар бар.

Ғалым мынадай оқу құралдарын жазды: «Типовые учебные программы на материале казахской музыки» (1965ж.), «Хрестоматия казахской скрипичной музыки» I және II бөлімдер (2000ж.), «Яков Иосифович Фудиман – основатель альтовой школы Казахстана» (2009ж.), «Работа над сонатами и партитурами Баха И.С. в классе народного артиста России, профессора Фихтенгольца М.И.», (2012ж.), «Хрестоматия казахской скрипичной музыки в 3 х частях» (2020ж.). Оның Қазақстан кәсіби музыкалық өнерінің дамуына қосқан үлесі баға жетпес!!!

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Балым Серәліқызы Қожамқұлованың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Ғалым-ұстаздың бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Альбомдарға оралу