Menu HELPDESK

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХОРМЕЙСТЕР, ПЕДАГОГ, ПРОФЕССОР ЛЕБЕДЕВ ИГОРЬ БОРИСОВИЧ ДҮНИЕДЕН ӨТТІ

IMG_20211218_032519.jpg

Игорь Борисович Лебедев 1937 жылы 15 қаңтарда Мәскеу облысында дүниеге келген. Ол – қазақстандық хормейстер, педагог, профессор. Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері (2003). Қазақ ұлттық музыка академиясының бірінші проректоры (1998-2006). «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

Музыка мектебін фортепиано класы бойынша бітірген. Алматы мемлекеттік консерваториясын «Дирижерлеу» (хор) мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, осы жоғары оқу орнында педагогикалық қызметін бастады. Өзінің еңбек жолын кафедра оқытушысы қызметінен бастап, консерваторияның оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры міндетін (11 жыл) атқарды.
Лебедев Игорь Борисович – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі. Өзінің кәсіби және қоғамдық қызметі үшін бірнеше рет Қазақ КСР жоғары және арнайы орта білім министрлігінің, ҚР БҒМ, ҚР Мәдениет министрлігінің және т. б. құрмет грамоталарымен марапатталған. И.Б. Лебедевтің ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік, тәрбиелік және қоғамдық жұмысы Қазақстанда хор мәдениетін және кәсіби хор білімін дамыту мәселелеріне арналған. Оның кәсіби музыканы дамытуға қосқан үлесі шын мәнінде баға жетпес.
Бүкіл өмірін музыка саласына арнаған Лебедев Игорь Борисович 84 жастан асып дүниеден өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыс, бауырлары және әріптестерінің қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Альбомдарға оралу