ҚАЗАҚТЫҢ БҰЛБҰЛ ӘНШІСІНІҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ
Биыл қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі, киелі Қызылорда облысы, Қазалы қаласының тумасы Роза Тәжібайқызы Бағланованың туғанына 100 жыл. Мерейтойды республикалық деңгейде кеңінен атап өту жоспарланып отыр.
Аты аңызға айналған әнші Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Қазақтың әнін ғана емес, болмысын да әлемге таныта білген Р.Бағланованың қазақ музыкасына қосқан үлесі өлшеусіз.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақ КСР және КСРО Халық артисі, Халық Қаһарманы Роза Тәжібайқызының 100 жылдық мерейтойы құрметіне әншінің жарқын тұлғасын еске алып, шығармашылығын жас ұрпаққа кең көлемде дәріптеу мақсатында республикалық деңгейде түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, аты аңызға айналған әншінің шығармашылығына арналған көрмелер, дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар, кураторлық сағаттар, мерекелік концерттер, вокалшылар сайысы мен әртүрлі республикалық және облыстық деңгейдегі конкурстар ұйымдастырылмақ. Мәселен, Мәскеу және Париж қалаларында ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырылған мерейтойлық концерт өткізу, елордамызда Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық байқау ұйымдастыру, «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК-ге Роза Бағланованың есімін беру және т.б.
Ән әлемінің саңлағы қалдырған мұраның ел тарихында алар орнын айқындап, келешек ұрпаққа насихаттау баршамыздың парызымыз болып қала бермек.