Menu HELPDESK

«Баянға арналған танымал эстрадалық музыка кеші» өтті



2022 жылдың 14 желтоқсанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Кіші залында «Баянға арналған танымал эстрадалық музыка кеші» өтті. Концерт бағдарламасы бойынша «Жеңіл музыка»: А. Пьяцолланың, Р. Гальяноның, Р. Руджиеридің, В. Власовтың, В. Демченконың және басқа да авторлардың эстрадалық-джаздық туындылары, сондай-ақ, баян орындауындағы ерекше, эстрадалық тұрғыдан өңделген қазақ музыкасы орындалды. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен оқытушылары – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.


Танымал эстрадалық музыка әлемдік баяндық-аккордеондық орындаушылықта, әсіресе, шетелде кеңінен танымал. Шет елдердің музыкалық тұрмысының ерекшелігі жеңіл би музыкасын орындауға арналған көңіл көтеру аспабы ретінде аккордеонның кең таралуына ықпал етті. Баяншы-аккордеоншылардың барлық халықаралық байқауларында аталған бағыттың бірнеше түрі, соның ішінде: «Танымал музыка», «Эстрадалық-джаздық бағыт», «Варьете», «Мюзет» және басқа да, жеке және ансамбльдік орындаудағы аталымдары бәске ұсынылған.


Баян-аккордеонның әмбебаптығының арқасында оларға арналған репертуар: халықтық, камералық-академиялық, эстрадалық музыка сияқты жанрлық бағыттар бойынша құрылады. «Жеңіл» және «эстрадалық-джаздық» музыка орындаушылардың негізгі репертуарын құрайды. Көптеген белгілі кәсіпқой классикалық репертуар орындаушылары да джаздық және эстрадалық музыканы шабыттана ойнайды.


Концерттік кешке жиналған көпшілік музыканттардың орындаушылық шеберліктеріне риза болып, ыстық ықыласпен қошемет көрсетіп, алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Осындай музыкалық мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға шығармашылық табыстарыңыз көп болсын демекпіз.
















Альбомдарға оралу