Menu HELPDESK

«Дәстүрлі өнер – алтын арқау»



2022 жылғы 8 желтоқсан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А. Жұбанов атындағы концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаеваның 70 жылдық мерейтойының құрметіне арналған «ХХІ ғасырдағы дәстүрлі музыка: зерттеу мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының ашылуы өтті.

Басқосу аясында мерейтой иесіне еліміздің бірнеше облысынан келген өнер ошақтарының басшылары мен өкілдері сый-сияпат жасап, еңбек жолында істес болған әріптес замандастары мен шәкірттері естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ авторлары Айтқали Жайымов, Біләл Ысқақов, Кәрима Сахарбаева және Арман Жайым болып саналатын «Домбыра сазы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.


Конференция жұмысы осы күні кешке консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында, «Дәстүрлі өнер – алтын арқау» атты концертке ұласты. Салтанатты кеште ардагер ұстазға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі вице-министр Дәуешов Нұрғиса Мұратұлының  құттықтау хатын  табыстады. Сондай-ақ, консерватория ректоры Арман Әділханұлы Кәрима Сүндетқызын мерейлі жасымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кешті Мәдениет қайраткері, өнер зерттеушісі, күйші Абдулхамит Райымбергенов жүргізді. Концертте еліміздің мақтанышы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі өнер көрсетті. 

Ауқымды шара аясында 9 желтоқсан күні консерваторияның  мәжіліс залында  өнер қайраткерлері және зерттеуші ғалымдар шеберлік дәрістерін өткізбек.






















Альбомдарға оралу