Menu HELPDESK

«Домбыра» кафедрасы ұстаздарының күй өнеріне қосылған келелі еңбектері


2022 жылдың бірінші тоқсанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасы ұстаздарының бірнеше еңбектері жарыққа шықты. Күй өнеріне қосылған келелі еңбектерді құрастырушылар қатарында ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Карима Сүндетқызы Сахарбаева, ҚР мәдениет қайраткері, доцент Қуаныш Ізімұлы Жұмағали және ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төлепберген Төрахметұлы Тоқжанов пен ұстаз Динара Аманкелдіқызы Нұрбаева бар.

Күйші-ұстаз Айгүл Үлкенбаеваның «Түркі әлемінің ұлы композиторы – Дина Нұрпейісова» атты кітабының таныстырылымы ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарық көрген кітап күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай Атырау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесер лентасын танымал жазушы, публицист Мереке Құлкенов пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, күйші, дирижер Арман Жүдебаев қиды.


Домбырашы, ұстаз Карима Сүндетқызы жетекшілік еткен ұлы күйші Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйлер жинағының тұсаукесер рәсімі консерваторияның Ахмет Жұбанов атындағы Кіші концерт залында өткізілді.

Күйші апамыздың өмір тарихы мен шығармашылығын арқау еткен кітаптың таныстырылым кешінде Дина Нұрпейісованың күйлерінен концерт берілді. Кеште Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Қ.Жұмағали, Ә.Әлина, Д.Нұрбаева, А.Тілепбергенов, Т.Сәденов, Н.Базарбаевалар домбыра шанағынан күй төгілтіп, қуанышты шараға жиналғандардың құлақ құрыштарын қандырды.


Еңбектердің ізін суытпай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 1999 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан ҚР мәдениет қайраткері, доцент Қуаныш Жұмағалидың «Күй – ғасырлар мұрасы» кітабы жарық көрді.

Халық күйлері мен А.Жұбанов салалаған жеті мектептің күйлерін қамтыған бұл еңбекте жаңа заман композиторлары күйлерінің ноталары да ұсынылған. Күйлердің ноталары тайға таңба басқандай, барынша сенімді, нанымды түсірілген. Күй өнерін өмірінің өзегіне айналдырған жастарға бұл еңбектің берері мол.


Тағы бір сүйінші жаңалық, консерваторияның «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төлепберген Тоқжанов пен ұстаз Динара Нұрбаеваның «Домбыраға лайықталған Н.Паганини шығармалары» атты бірлесе шығарған жинағы жарыққа шықты.

Аталған жинақ – көп жылғы ізденістер нәтижесі. Жинақта домбыраға лайықталған Н.Паганини шығармалары қамтылған. Хрестоматия «Дәстүрлі музыкалық өнер» білім беру бағдарламасы бойынша «Домбыра» мамандығында оқитын музыкалық жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған. Кітапта Н.Паганинидің өмірбаяны мен оның шығармаларында кездесетін екпіндер сөздігі мен динамикалық белгілер және т.б. домбыра аспабына лайықталған туындылар туралы айтылған. Сонымен қатар, жинақты «Мамандық», «Ансамбль» сынды пәндерді оқытуға да кеңінен қолдануға болады. Айта кетерлігі, Н.Паганини шығармаларына қызығушылық танытатын жас маман ұстаздар мен домбырашыларға да құнды музыкалық ақпарат берері даусыз.


Күй өнерін кие тұтқан ұстаздарды жаңа жинақтарымен тағы бір мәрте құттықтап, еңбектеріңіз жаңа берсін демекпіз! Сіздерге сарқылмас зерттеушілік ізденіс пен шығармашылық табыс тілейміз!
Альбомдарға оралу