Menu HELPDESK

КОНСЕРВАТОРИЯ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Фото.jpg

Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кітапхана қоры оқу орнының түлегі, отандасымыз, белгілі этномузыкатанушы – доктор, АҚШ-тың беделді университеттері Беркли мен Стэнфордтың көп жылдан бері профессоры, Орта Азия халықтарының мәдениетін насихаттайтын «Silk Road House» қоғамдық ұйымын басқаратын А.Б. Құнанбаеваның жеке кітапханасындағы кітаптармен толықты.

Ғылыми ортада А.Б. Құнанбаева қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеуге маманданған эпостанушы-түркітанушы және антрополог ретінде танылған. Сондықтан А.Құнанбаеваның жеке кітапханасының ең негізгі және құнды бөлігін әртүрлі халықтың эпикалық шығармашылығына қатысты басылымдар құрайтыны кездейсоқ емес. Мұндай басылымдардың қатарында – Батыста жарық көрген эпос антологиялары мен кітаптары, мәселен, доктор А. Құнанбаева құрастырып-жинақталуына қатысқан үлкен және құнды этномузыкатанушылық еңбек – «The Music of Central Asia» (Indiana University Press, 2016), іргелі энциклопедиялық басылым «The Middle East. The Garland Encyclopedia of World Music. Volume 6» (London & New York, 2002) бар.

Консерватория кітапханасына А. Құнанбаева сыйға берген кітаптардың арасында болашақ этномузыкатанушыларды дайындау кезінде қажетті – этнография, антропология, фольклористика, тарих, мәдениеттану, филология, шетелдік этномузыка білімі мен түркітану мәселелері бойынша жұмыстар бар (Karl Reichl «The Oral Epic: Performance and Music» – Berlin, 2000; Janos Sipos «Kazakh Folksongs. From the two Ends of the Steppe» – Budapest, 2001; Mihaly Hoppal «Shaman Traditions in Transition» – International Society for Shamanistic Research, Budapest      2000). Сондай-ақ бұл ретте Қытайда жарияланған қазақтың дәстүрлі музыкасының сирек кездесетін басылымдарын да атап өтуге болады («Казахские народные песни» сандық жазбада ; «Песни казахов Синьцзяна» үш томдық 1985-1992; «Казахский домбырашы из Китая»: сандық жазбадағы күйлер жинағы, 1990).

Ұсынылған кітаптардың біразы қазақтың тарихына арналған (M. B. Olcott «The Kazakhs» – Hoover Institution Press,1995; M Fergus, J Jandosova «Kazakhstan: Coming of Age» – Stacey International, 2003; G. Krist. Alone through the Forbidden Land. Journeys in Disguise through Soviet Central Asia 1939).

Орыс этнографтарының библиографиялық құндылығы бар еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Олардың арасында В.А. Обручевтің «Григорий Николаевич Потанин» атты 1947 жылғы кітабының сирек басылымы немесе көрнекті шығыстанушы, этнограф және археолог С. П. Толстовтың 1948 жылғы «По следам Древнехорезмийской цивилизации» атты 1948 жылғы күрделі еңбегі бар.

Көптеген дереккөздер Орта Азия, Кавказ, Сібір түркі халықтарының, сондай-ақ моңғолдардың мәдениетімен байланысты. Этнография бойынша сирек саналатын академиялық басылымдар да кездеседі (Толстов С. П., Жданко Т. А., Абрамзон С. М., Кисляков Н. А. «Народы Средней Азии и Казахстана: этнографические очерки» в двух томах. Изд. АН СССР, 1963). «Памятники фольклора народов Сибири и Дальнего Востока» сериясындағы аудио қосымшалары бар басылымдар ерекше.

Қазіргі уақытта қазақстандық зерттеушілердің біраз еңбегі жалғыз даналы сирек кездесетін библиографиялық еңбек болып қалғаны құпия емес. Сондықтан қазақ музыкасына арналған жоғалған басылымдардың орнын толтыру маңызды болмақ. Мәселен, біздің қор Б.Г.Ерзаковичтің «Песенная культура казахского народа» (1966), монографиясының тағы бір (екінші) данасымен, Б.Ш.Сарыбаевтың кітаптарымен, П. Марғұланның қазақтың қолданбалы өнері жөніндегі альбомдарымен, Айтжан Тоқтағановтың барлық күй жинақтары және т. б. еңбектермен толығады.

Сонымен қатар қазақ жыршылары Бидас Рүстембеков, Эльмира Жаңабергеновлардың жазбалары бар компакт-дискілер (33 terme and the epic Körughly), белгілі домбырашы Айтжан Тоқтағановтың «An Anthology of Qazakh Epic Songs and Dombra Kyuis» жинағы, АҚШ-та шығарылған және біздің орындаушыларымыз бен музыкатанушыларымызға әлі күнге дейін беймәлім болып келген «A Journey to Epic Qyzylorda» DVD дискілерімен қорымыз толықтырылмақ.



Альбомдарға оралу