Menu HELPDESK

Консерватория студенті «Astana Classic» байқауында жеңімпаз атанды

Жуырда елордамызда өткен «Astana Classic» IV Халықаралық классикалық музыка байқауында өнер ордамыздың студенті I орынды иеленіп, лауреат атанды. Аталмыш байқауды Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының қолдауымен «Astana Stars» Халықаралық фестиваль қозғалысы ұйымдастырды.

Қазылар алқасының құрамында мәдениет саласындағы жетекші сарапшылар, ҚР Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері болды.

Байқаудың мақсаты білім алушы музыканттардың жас буынына музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, олардың орындаушылық шеберлігін арттыру болып табылады. Аталмыш сайыс бәсекелік күресте болашақ өнер иелерінің өздерін сынап көруге, орындаушы ретіндегі ең жақсы қасиеттерін көрсетуге, болашақ кәсіби қызмет үшін баға жетпес тәжірибе алуға таптырмас мүмкіндік болды.

Пандемия жағдайында онлайн байқаулар өткізу музыка өнеріне қызығушылықты арттыруға әрі қолдауға, сондай-ақ жоғары көркемдік талғамды қалыптастыруға ықпал етіп, көптеген жаңа есімдерді анықтады. Байқауға Латвия, Литва, Эстония, Сербия, Ресей, Жапония, Қазақстан және т.б. елдерден қатысты. Сайыс аталымдары да әр түрлі болды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Дирижерлеу» кафедрасының 1-курс студенті Бекарыс Уәлихан «Жалпы фортепиано» аталымы бойынша Н.Лысенконың «Элегия» туындысының жазбасын ұсынды. Оның орындауы шынайылылығымен, әуезділігімен, мұқият ойластырылған интерпретациясымен, жақсы орындаушылық дағдыларымен ерекшеленді. Орындау жарқын әрі есте қаларлықтай болды. Мұның бәрі дерлік Бекарысқа қатысушылар арасында бас бәйгені қоржындауға және студентімізді жоғары кәсіби деңгейдегі байқауда лайықты көрсетуге мүмкіндік берді. Бірінші курс студенті үшін сәтті бастама!

         Онлайн форматтағы конкурстық қозғалыс әлем бойынша аса танымалдылыққа ие болуда. Бұл жас орындаушыларға өздерін тануда, сонымен қатар өздерін бағалай алуда баға жетпес тәжірибе болып отыр.

Алдымызда студенттеріміз өздерін жақсы жағынан барынша көрсете алатын әрі ЖОО-мыздың әлемдік аренадағы беделін қазіргіден де биік ете алатын байқаулар көп болары анық.

        Бекарыс Уәлиханды және оның «Міндетті фортепиано» пәні бойынша оқытушысы болып табылатын Динара Дарбекқызы Айдарханованы шын жүректен құттықтап, оларға тек толағай табыс тілейміз!





 

Альбомдарға оралу