Menu HELPDESK

Консерваторияда медиация тақырыбында кураторлық сағат өтті



2022 жылы 9 қараша күні консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасы студенттерінің Халықаралық санатындағы жаттықтырушы-медиатор, бизнес-жаттықтырушы, тәжірбиелі кәсіби медиатор Жақыпов Жанділда Әжиғалиұлымен кездесуі өтті. Кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақты студенттерге таныстырды.

Спикер алғашқы сөзін студенттерге сұрақ қоюмен бастады. Алғашқы сұрақ  Қазақстанда дауды шешу үшін қайда жүгіну керек? Көпшіліктің ойына келетін жауап – сот. Бірақ елде кейбір дауды соттан тыс шешуге болады. Ондай жолдардың бірі – медиация.  Ал оның соттан айырмашылығы қандай?


Біріншіден:МЕДИАЦИЯ ДЕГЕН НЕ?

Медиация – тараптардың дауды өзара келісіп шешетін шарасы. Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор деген маман көмектеседі. Келісімге келсе, тараптар өзара жазбаша келісім шартын жасасады. Ол медиация туралы шарт деп аталады.

Екіншіден: МЕДИАЦИЯ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды. Мақсаты – сот жүйесіне ауыртапылықты кеміту. Сотта қарастырылатын даулардың санын азайту, оларды шешудің балама түрлерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу маңызды.

Үшіншіден: МЕДИАЦИЯНЫҢ СОТТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы – медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. Сот ісін ашу үшін бір тараптың арызы жеткілікті, ал медиацияға қос тарап келісіп барады. Медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Сотқа жүгіну үшін тұлға талап арыз жазып, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Сот талап-арызды қабылдағаннан кейін тұлға бірнеше айға дейін сот отырысын күтеді. Сотқа жүгіну үшін заңгерге барады, қызметі үшін ақша төлейді. Ал медиацияда тараптар медиаторлар тізімінен қажет маманды таңдап, еңбек ақысын (егер ақылы болса) бөліп төлейді.

Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда тек қана тараптарға байланысты болады. Олар тіпті бір күннің ішінде мәмілеге келе алады.

Төртіншіден: МЕДИАЦИЯҒА ҚАНДАЙ ІСТЕ ЖҮГІНУГЕ БОЛАДЫ?  

Қазақстанда кез келген адамның медиацияға жүгінуге құқы бар. Медиацияға ол сотқа дейін де, кейін де баруына болады. Бірақ бұл медиация арқылы кез келген дауды шешуге болады деген сөз емес.

1. Корпорацияаралық және корпорацияішілік даулар.

2. Банк және сақтандыру саласындағы даулар.

3. Жүзеге асырылуы көптеген тараптардың мүдделерін қамтитын жобаларды сүйемелдеу.

4. Жұмыстағы даулар.

5. Отбасылық даулар.

6. Авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар.

7. Білім саласындағы медиация.

8. Мәдениетаралық даулар және басқалары.

Бесіншіден: МЕДИАТОР ДЕГЕН КІМ?

Медиацияға міндетті түрде үшінші тарап – медиатор қатысуы керек. Ол тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі болмауға тиіс. Оны тараптар өзара келісіп таңдайды. Оның басты міндеті – даудан қос тараптың қанағаттанып шығуына көмектесу. Медиатордың судья секілді билігі болмайды, оның тараптарды қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.

Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.



Альбомдарға оралу