Menu HELPDESK

Консерваторияда «MusiQuE» халықаралық аккредиттеу агенттігінен келген комиссия өз қорытындыларының алғашқы нәтижелерін жария етті



Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 16-19 мамыр аралығында «MusiQuE - Music Quality Enhancement» халықаралық аккредиттеу агенттігінен келген комиссия құрамы өнер-білім ордасын бакалавриат оқу бағдарламасы бойынша аккредиттеу (1 цикл) үшін сараптамалық жұмыстарын жүргізіп, 19 мамыр күні өз қорытындыларының алғашқы нәтижелерін жария етіп, аккредиттеудің толық нәтижесі үстіміздегі жылдың қазан-қараша айларында белгілі болатынын мәлімдеді.

 

Комиссия құрамында әр сала бойынша сарапшылар жұмыс жасады. Комиссия төрағасы, композитор, Гаагадағы Корольдік консерватория директоры Хенк ван дер Мейлен (Нидерланды) композиция және орындаушылық саласы бойынша сарапшы болса, Норвегиялық музыкалық академияның профессоры Ингрид Мария Ханкен (Швеция) музыкалық білім бойынша, композиция және музыкатану бойынша сарапшы Хельсинкидағы Сибелиус академиясы Өнер Университетінің музыка теориясы пәнінің оқытушысы Ханну Ападжалахти (Финляндия), Ольстер оркестрінің басқарушы директоры Ричард Уигли (Жаңа Зеландия) арт-менеджмент және дирижерлеу саласы бойынша сарапшы және қазақстандық сарапшылар Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы философия (PhD) докторы Дәулет Тапенов орындаушылық, дәстүрлі музыка және музыкатану сарапшысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті, Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың артисі Бекзада Самиғолла орындаушылық және дәстүрлі музыка саласы бойынша сарапшы болды.

16 мамыр күні келген комиссия мүшелерін қарсы алған консерватория басшылығы жұмыс сессиясы барысында ең алдымен консерваторияның мәжіліс залында дайындық кездесу өткізді. Мұнан соң қонақтар А.Жұбанов атындағы концерт залында студенттер мен магистранттардың қатысуымен ұйымдастырылған «Дәстүрлі музыкалық өнер» атты концертті тамашалады. Сонымен қатар, Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен Халықаралық байқаулардың лауреаты Станислав Хегайдың (фортепиано) концертіне қатысты.

17 мамырда Комиссия консерватория басшылығымен, проректорлар және факультет декандарымен арнайы кездесу-сұхбат өткізді. Мұнан соң жұмыс кестесіне сай білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуге және емтихандарды бағалауға жауапты кафедра басшылары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойылды. Сондай-ақ, аға әкімшілік персоналдардың, яғни бөлім басшыларының қызметі де комиссия мүшелері назарынан тыс қалған жоқ. Мәжіліс залында өткізілген басқосуда Platonus бағдарламасының презентациясы ұсынылды. Комиссия құрамының келесі жұмыс сағаты кітапханада жалғасын тапты. Мұнда кітапхана қызметкерлерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға берілді. Мұнан соң Ф.Шопен атындағы камералық залда өткен ҚР Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, «Дирижерлеу» кафедрасының меңгерушісі Б.А.Жаманбаевтың шеберлік сыныбына қатысты.

18 мамыр күні тексеру тобы консерваторияда білім алып жатқан студенттермен кездесіп, емтихандарға қатысты. Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерімен, консерватория түлектерімен және жұмыс берушілермен де кездесті. Сол күні кешке Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Еуропадан келген қонақтарымызға арналған студенттік оркестрлер мен ансамбльдердің және жеке орындаушылардың қатысуымен өткен «La Primavera» атты концерттік кешті тамашалады.

19 мамыр, Акредиттеу шарасының соңғы күнінде сарапшылар білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуге және емтихандарды бағалауға жауапты кафедра басшыларымен, сондай-ақ, консерватория басшылығымен жеке кездесті. Жұмыс күні соңында «Вокалдық өнер» білім беру бағдарламасының студенттері мен оқытушыларының концерті құрметті қонақтардың назарына ұсынылды.

Сонымен, жалпы алғанда, аккредиттеу комиссиясы консерваторияның барлық бағыттағы жұмыстарына жоғары баға беріп, оқу орнының санаулы уақыттар аралығындағы Болон жүйесінің шарттарына сәйкес білім беру жүйесіндегі    сапалы серпілісін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, комиссия мүшелері бүкіл ұжым арасындағы қызметтік қарым-қатынас пен әдеп саласындағы жұмысшыдан бастап бірінші басшыға дейінгі ынтымақтастық мәдениеті секілді жағымды дүниелерді, өнер-білім ордасында қалыптасқан шығармашылық үдерістерді, білім алушылардың оқуға деген зор құлшынысы мен олардың білімнің биік шыңына шықсам деген ынталарын да баса айтты. Консерватория жұмысының ашықтығы білім ордасы сайтының ақпаратқа толы әрі қолжетімділігінде екенін, үш бірдей концерттік залдармен қатар консерваториядан тыс өткізіліп жүрген концерттер қала тұрғындары арасында үлкен танымалдылыққа ие екенін де тілге тиек еткен комиссия төрағасы өз тарапынан бірқатар ұсыныстарын жасады.


















 



Альбомдарға оралу