Menu HELPDESK

Консерваторияда салтанатты түрде түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті


Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіруші түлектерге Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында салтанатты түрде дипломдар табысталды. Мемлекеттік әнұранмен ашылған жиын басында іссапарда жүргендіктен шараға қатыса алмауы себепті ректор Жүдебаев Арман Әділханұлының құттықтау сөзі бейнеролик арқылы берілді.

Түлектерді арнайы құттықтау үшін сахна төріне ҚР халық артисі, профессор Мырзабекова Гаухар Құрманбекқызы шақырылды. Кезінде өзі білім алып, бүгінде «Ішекті аспаптар» кафедрасын басқарып отырған ұлағатты ұстаз өз естеліктерімен бөлісіп, жас мамандарға ізгі тілектерін арнады. Магистратураны бітірушілердің дипломдарын Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректор Бегембетова Ғалия Зайнақұлқызы табыстаса, бакалавриат бойынша үздік бітірген түлектер өз құжаттарын Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Әбдірахман Гүлнар Бақытқызының қолынан алды. Төрт түрлі факультетке бөлінген он бір түрлі кафедраға қарасты мамандықтар бойынша білім алып, бакалавр дәрежесіне ие болып жатқан түлектердің дипломдарын әр факультет декандары табыстады. Салтанатты шараның соңында консерватория әнұраны шырқалды.

Түлектерімізді жоғары білім және мамандық иесі атануларымен құттықтап, өмірде де, өнерде де өз орындарыңызды тауып, жемісті еңбек етіп, аман жүріңіздер деген тілек білдіреміз! Консерватория сіздерді әрдайым құшақ жая қарсы алады.











Альбомдарға оралу