Menu HELPDESK

Мерейтойды мерекелеу аясында шеберлік сыныптары өтті



2022 жылғы 8 желтоқсан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А. Жұбанов атындағы концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаеваның 70 жылдық мерейтойының құрметіне арналған «ХХІ ғасырдағы дәстүрлі музыка: зерттеу мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Аталған шараны Алматы қалалық «Алматы», республикалық «СТВ» және «Абай ТВ» телеарналары түсіріп, халық назарына ұсынды.


Конференция жұмысы сол күні кешке консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Дәстүрлі өнер – алтын арқау» атты концертке жалғасты. Концертті ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану ғылымдарының кандидаты Абдулхамит Райымбергенов жүргізіп отырды. Кәрима Сүндетқызына Мәдениет және спорт министрлігінің атынан құттықтау хат жолданып, сый-сияпат жасалды.


Ал 9 желтоқсан күні Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Құрманғазы атындағы ҚҰК Мәжіліс залында жалғасты. Ауқымды шара аясындағы «Шеберлік сыныптар» легін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, профессор Айтқали Тілепқалиұлы Жайымов «Күй орындаудағы маңызды қағидалар» деген тақырыптағы жиынымен бастады. Ізінше Өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Пернебек Шегебайұлы Шегебаев «Домбыра күйлерін зерттеу мәселелері» деген тақырыпта жалғастырды. Өз кезегінде Қырғыз Республикасынан келіп отырған қонақ – Қырғызстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өнертану ғылымының докторы, профессор Роза Асанқызы Аманова «Қырғыз кәсіби әндерін орындаудағы аспаптың рөлі» тақырыбында толымды ойларын ортаға салды. Ол кісінің жерлесі, Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, Б. Бейшеналиев атындағы Қырғыз Мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің Музыка факультетінің деканы Самат Батырқұлұлы Кочорбаев өзі айтулы маманы болып саналатын манасшылыққа байланысты «Айтушылық өнердегі жалпылықтардан Манасшылық өнердің айырмашылығына» кеңінен тоқталып, тәжірибесін бөлісті. Ал, Маңғыстау өңірінен келген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры» Роза Тайманқызы Айдарбаева Батыстың Маңғыстаудай мекеніндегі «Маңғыстау күйші-композиторлары күйлерінің орындаушылық ерекшеліктеріне» тоқталды.


Осы шеберлік сыныптар сағаттарында ортаға салынып, көпшілікпен бөліскен, шәкірттерге сабақ берген дәрістер мен іс жүзінде орындап көрсеткен үлгілер қатысып, көріп, тыңдаған үйренушілерге талай жылғы рухани қазына болары даусыз. Осының барлығына ұйытқы болып, бастарын қосқан Кәрима Сахарбаеваға да шәкірттерінің айтар алғысы мол.









Альбомдарға оралу