Menu HELPDESK

СТУДЕНТТЕРІМІЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Артур.jpg     Аружан.jpg


Аяжан.jpg    Балжан.jpg


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1-3 курс студенттері «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХІІІ халықаралық байқауында жүлделі орындарға ие болды. Байқау бейнежазбалар бойынша 2020 жылдың 2-6 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта өтті.

Байқаудың мақсаты – өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерді анықтау, дарынды орындаушыларды қолдау әрі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында талантты адамдардың кәсіби шеберлігін жетілдіру.

Аталмыш байқауда бақ сынаған профессор А.В. Сафоновтың сыныбынан 3-курс студенті Артур Бемм «Саксофон» номинациясы бойынша 2 орынды иеленсе, профессор Т.Қ. Нұралы сыныбының 1-курс студенттері Аружан Рашит «Гобой» номинациясы бойынша 3-орынды қанжығасына байлап, Аяжан Оспанбаева байқау дипломанты атанды.

Консерватория үшін тағы бір сүйінші жаңалық: Өнер ордасының 1-3 курс студенттері Аяжан Оспанбаева мен Балжан Қасымбетова «Сібірлік музыкалық ассамблеялар» үрлемелі және ұрмалы аспаптарда жас орындаушылардың VII Халықаралық байқауында «Гобой» номинациясы бойынша 3-орын иегерлері атанды. Аяжан профессор Т.Қ. Нұралының сыныбында, ал Балжан оқытушы А.Ж.Сағымбаеваның сыныбында білім алады.

Байқау 2020 жылдың 23-29 қараша аралығында Ресей Федерациясының Новосибирск қаласында бейнежазбалар бойынша іріктеліп, онлайн форматта ұйымдастырылды. Жарыста бақ сынаған білім алушыларымыздың алда бағындырар белестері мол болып, шығармашылық тұрғысынан өрлей берулеріне тілектеспіз!

Альбомдарға оралу