Menu HELPDESK

«Тәуелсіздікті ту еткен желтоқсаншылар» атты кураторлық сағат өтті



2022 жылы 14 желтоқсан күні консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасының студенттерімен Тәуелсіздікті ту еткен желтоқсаншылар: Исабаева Ұлжалғас Жұмайқызы, Біттібаева Ұлтуар Баубекқызы, Арсаламова Роза Айтбекқызымен кездесу өтті.

 

Алдымен кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақты студенттерге таныстырды. Проректор өз сөзін: «Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке ие болғанымызға биыл отыз бір жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында еңбек етіп жүрген барша азаматтарымызды айтулы мерекемен құттықтаймын! Ұрпақтарының ырысының ортаймауын, намысының тапталмауын көксеген ата-бабаларымыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін», - деп түйіндеді.

 

– Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда кеңестік қызыл империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл қазақ жастарының арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады, – деп атап өтті сөз алған қонақтар.

 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М. Әуезов айтқандай, ел болашағы қазіргі жас жеткіншектердің қаншалықты білімді, тәрбиелі болуымен тікелей байланысты. Осы мақсатта барлық жұмыстардың нәтижесін үнемі бағалап, зерттеп, одан қорытынды жасап отырудың маңызы зор.

 

Жиын соңында студенттердің сұрақтарына жауап берген Желтоқсаншылар: «Өткен мен бүгінгіні таразыға сала алатын, тарих сабағын ертеңге бағдар еткен, рухы асқақ, жандары таза жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Білімнің іргетасының беріктігі – болашақтың мықты болуына негіз. Біздің міндетіміз – айқын, алға қойған бағытымыз – дұрыс. Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз берік, елдігіміз мәңгі болсын!»- деп, сыр-сұхбатын қорытындылады.









Альбомдарға оралу