Menu HELPDESK

ҒЫЛЫМИ-АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТІ

IMG-20220228-WA0042.jpg

ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми-ақпараттық кітапхана қызметі (бұдан әрі – Құрманғазы атындағы ҚҰК) – пайдаланушыларға ұлттық және әлемдік деңгейдегі құжаттық ресурстарға қолжетімділікке мүмкіндік беретін, Қазақстанның музыкалық өнері мен музыкалық білімі саласындағы ірі кітапхана.

Қазіргі таңда кітапхана қоры 220 938 дана баспа басылымдарын (82 390 аталымды), соның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 45 021 дана, орыс тіліндегісі – 117 959 дана, өзге тілдердегісі – 57 958 дананы құрайды. Қорда ұсынылған басылымдар әр алуан: ноталар (клавирлер, партитуралар), музыкалық өнер жөніндегі ғылыми әдебиет, музыка жөніндегі мерзімді басылымдар, анықтамалық басылымдар – музыкалық сөздіктер, энциклопедиялар, жарияланбаған материалдар – диссертациялар, дипломдық жұмыстар, ғылыми-әдістемелік жұмыстар.

 
Біздің кітапханамызда сақталған ең үлкен құндылық Қазақстанның алғашқы ноталық басылымдары болып табылады. А.Затаевичтің 1925 жылы жарық көрген «Қазақтың 1000 әні», А.Жұбановтың 1945 жылы жазылған «Домбыра оркестрі» атты қолжазбасы, Е.Брусиловскийдің 1935 жылы жазылған «Жалбыр» операсы, Р.Tschaikowsky-дің 1896 жылы жазылған «La Tempete» операсы, G.-дің 1897 жылы жазылған «Die boheme» операсы, С.Монюшконың 1882 жылы жазған «Галька: 4 актілі опера» туындылары жинақталған жиынтық сирек қордың әшекейі болып саналады. Тұтастай алғанда жиынтық қорында, хронологиялық ауқымы 1896-1945 жылдар аралығын қамтитын 2000-нан астам шығарма бар.


Құрманғазының атындағы ҚҰК-ның сайтында мына: http://elib.kaznu.kz/notes сілтемесі бойынша білім алушылар мен ОПҚ-на «Құрманғазы атындағы ҚҰК сирек кітаптар виртуалды кітапханасына» қолжетімділік ұсынылған. Бұл виртуалдық кітапхананың статистикалық мәліметтері өте жоғары, өйткені электрондық нұсқадағы толық мәтінді ноталық басылымдарға тек студенттер мен ЖОО-ның ОПҚ ғана емес, барлық қызығушылық танытқан жандар да қол жеткізе алады. 


Ерекше құнды және сирек кездесетін ноталық басылымдарды қайта өңдеу, мұқабалау және сандық жүйеге көшіру бойынша кітапхана қызметкерлері орасан ауқымды жұмыс жүргізді, нәтижесінде қазіргі таңда 1062 дана туынды қайта өңдеуден өткізілді.


Консерваторияның ҒАКҚ қорлары үнемі, соның ішінде консерватория профессорларының жекеменшік кітаптары мен ноталарын өткізу есебінен толығып отырады. Атап айтқанда, өзіміздің отандастарымыз – белгілі муызкатанушы-фольклоршыларымыз Алма Бектұрғанқызы Құнанбаева мен Изалий Иосифович Земцовскийдің (Сан-Франциско қ., АҚШ) жеке кітапханаларынан сыйлыққа алынған 1500-ден астам кітап жоғары оқу орны үшін баға жетпес байлық, жомарт сыйлық болды. А.Б.Құнанбаева көп жылдардан бері АҚШ-тағы беделі жоғары Беркли және Стэнфорд университеттерінің профессоры ретінде еңбек етіп келеді және Орталық Азия халықтарының мәдениетін насихаттайтын «Silk Road House қоғамдық ұйымына басшылық жасайды. Ғылыми әлемде А.Б.Құнанбаева қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеуге маманданған эпостанушы-түркітанушы және антрополог ретінде танылған. Изалий Иосифович Земцовский – кеңес және Ресей музыкатанушы-фольклоршысы, мәдениеттану докторы. Сондықтан да, кітапхананың елеулі де құнды бөлігін әртүрлі халықтардың эпикалық шығармашылығына қатысты басылымдардың құрауын кездейсоқтық деуге болмайды. Соның ішінде, құрамына Батыста жарық көрген, жасалуына доктор Құнанбаева атсалысқан, «The Music of Central Asia» (Indiana University Press, 2016) немесе «The Middle East. The Garland Encyclopedia of World Music. Volume 6» (London & New York, 2002) атты фундаменталды энциклопедиялық басылымдар кіретін кітаптар мен эпостар антологиясы бар.


Сыйланған кітаптардың қатарында, сондай-ақ этнография, антропология, фольклористика, тарих, мәдениеттану, филология, болашақ этномузыкатанушылардың даярлауда қажет болатын шетелдік этномузыкатану мен түркітанушылық мәселелері жөніндегі жұмыстар да (Karl Reichl «The Oral Epic: Performance and Music» – Berlin, 2000; Janos Sipos «Kazakh Folksongs. From the two Ends of the Steppe» – Budapest, 2001; Mihaly Hoppal «Shaman Traditions in Transition» – International Society for Shamanistic Research – Budapest, 2000) бар. Қытайда жарық көрген қазақ дәстүрлі музыкасының сирек басылымдарын (сандық нотациядағы «Қазақтың халық әндері»: үш томнан тұратын, 1985-1992 жж., «Синьцзян қазақтарының әндерін», «Қытайдан шыққан қазақ домбырашысы»: сандық нотациядағы күйлер жинағы, 1990) атап өтуге болады.


Ұсынылған кітаптардың тұтас бір бөлігі қазақтардың тарихына арналған: (M. B. Olcott «The Kazakhs» – Hoover Institution Press,1995; M Fergus, J Jandosova «Kazakhstan: Coming of Age» – Stacey International, 2003; G. Krist. Alone through the Forbidden Land. Journeys in Disguise through Soviet Central Asia 1939).


Библиографиялық құндылығы маңызды орыс этнографтарының еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Солардың ішінде – В.А. Обручевтің 1947 жылы басылған «Григорий Николаевич Потанин» кітабының сирек басылымы немесе көрнекті шығыстанушы, этнограф және археолог С.П. Толстовтың 1948 жылы шыққан «Көнехорезмдік өркениет ізімен» атты өзгеше еңбегі де бар.

 
Мәлімет қайнарларының көп бөлігі Орталық Азия, Кавказ, Сібір түркі халықтарының, сондай-ақ монғолдардың мәдениеттерімен байланысты. Солардың ішінде – этнография жөніндегі сирек академиялық басылымдар (Толстов С. П., Жданко Т. А., Абрамзон С. М., Кисляков Н. А. «Орталық Азия және Қазақстан халықтары: этнографиялық очерктер», екі том. Басып шығ. КСРО ҒА, 1963) бар. Аудио-қосымшалары бар «Сібір және Қиыр Шығыс халықтарының фольклорлық ескерткіштері» сериясымен шыққан басылымдар да ерекше болып табылады.


Қазіргі таңда қазақстандық зерттеушілердің көптеген еңбектерінің библиографиялық тұрғыдан таңсықтана бастағаны жасырын емес. Сондықтан, қазақ музыкасына арналған, жоғалып кеткен көптеген басылымдардың орнын толтыру жоғары бағаланады. Айталық, мысалы, біздің қорымызда Б.Г. Ерзаковичтің 1966 жылы шыққан «Қазақ халқының ән мәдениеті» атты монографиясының тағы бір данасы, сондай-ақ, Б.Ш. Сарыбаевтың кітаптары, Ә. Марғұланның қазақтың қолданбалы өнері жөніндегі альбомдары, Айтжан Тоқтағановтың күйлерінің толық жинағы және басқалар пайда болмақ. Сонымен қатар, АҚШ-та шығарылған және біздің орындаушыларымыз бен музыкатанушыларға әлі күнге дейін таныс емес қазақ жыршылары Бидас Рүстембековтың (33 terme and the epic Körughly), Эльмира Жаңабергенованың, белгілі домбырашы Айтжан Тоқтағановтың жазбалары бар, «An Anthology of Qazakh Epic Songs and Dombra Kyuis», сондай-ақ DVD «A Journey to Epic Qyzylorda» компакт-дискілері әкелінетін болады.


ҒАКҚ-ның қоржынына салынған тағы бір ірі олжа – 2003 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Ғылыми кітапханасында сақталып келген Композиторлар одағының қоры болды. Аталған қорды консерватория кітапханасына беру туралы келіссөздер екі жыл бойы жүрді, сөйтіп 2020 жылы консерватория белгілі отандық композиторлар мен музыкатанушылардың жеке кітапханаларында жатқан сирек басылымдардан, ноталар мен кітаптардан тұратын ерекше жиынтыққа қол жеткізді. Аталған коллекция құрамында 6342 сақтау бірліктері, олардың ішінде 740 ноталық басылымдар, 5602 кітап магниттік таспалар мен пластинка бар.


Бүгінде кітапханамыз орасан ғылыми және тарихи-мәдени маңызы бар – атап айтқанда, кеңестік кезеңдегі оқытушылардың жалғыз-ақ дана болып келетін қолжазба еңбектері түріндегі ерекше құнды құжаттарға ие. Оларды сақтау керек, өйткені олар білім және ғылым үдерістерінде өте жоғары сұранысқа ие әрі Қазақстанның музыкалық мұрасын зерттейтін болашақ ізденушілерге өзіндік бір ғылыми қайнарлар болып табылады. Осыған байланысты толықмәтінді жинақ қалыптастыру жөніндегі жұмыс: «Құрманғазы атындағы ҚҰК профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми еңбектері (қолжазбалары)» басталып та кетті.


Консерваторияның ғылыми-ақпараттық кітапхана қызметі өзінің оқырмандарына қашықтықтағы желілік ресурстарды – қашықтықтағы серверлерде орналастырылған және Интернет арқылы қолжетімді мәліметтер базасын пайдалану мүмкіндігін ұсынады.


Ұлттық жазылулар бойынша консерваторияның ғылыми әрекетін қолдау үшін ҚР БҒМ тарапынан мәліметтер базасының ресурстарына қолжетімділік ұсынылған:

- Clarivate Analytics компаниясының Web of Science-сі http://apps.webofknowledge.com
- Elsevier баспасының Scopus-ы https://www.scopus.com
- Elsevier компаниясының ScienceDirect-і http://www.sciencedirect.co
- John Wiley & Sons (қысқаша атауы – Wiley)  www.onlinelibrary.wiley.com

2023 жылдың 3 ақпаны мен 2024 жылдың 3 ақпаны аралығында Құрманғазы атындағы ҚҰК Ғылыми-ақпараттық кітапхана қызметі https://search.ebscohost.comмен EBSCO Musik Index дерекқор ресурсына лицензиялық қол жеткізу туралы келісімге қол қойды.

Толық мәтіні бар музыкалық индекс – 1970 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңдегі цифрланған дереккөздерді қамтитын музыкалық мерзімді басылымдар мен әдебиеттерге арналған ақпараттық нұсқаулық. Мәліметтер базасы индекстің толық мазмұнын және 650-ден астам мерзімді басылымдардағы музыка, музыканттар және музыка тарихы туралы мақалалардың тезистерін, сондай-ақ таңдалған 230 мерзімді басылымдарды қамтиды.

Білім алушылар мен ОПҚ-да әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің өзекті әдебиеттерімен қазақ тілінде «Қазақстанның ашық университеті/Открытый университет Казахстана» https://openu.kz/kz сайтындағы ашық қолжетімділік бойынша танысу мүмкіндіктері бар.


Сондай-ақ, ғылыми және білім алу мақсаттарында қашықтықтағы желілік ресурстарды – қашықтықтағы серверлерде орналастырылған және Интернет арқылы қолжетімді мәліметтер базаларын пайдалану ұсынылады:
https://100kitap.kz/kz – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық».
https://adebiportal.kz/kz – «Әдебиет порталы» көркем әдебиет әлемі.
http://kazneb.kz/ – «Казахстанская Национальная Электронная Библиотека».
https://openmusic-project.github.io/libraries.html – Open Music Library (ProQuest).


ҚҰК-ның кітапханасы еліміздің мәдени-музыкалық ұйымдарымен, жоғары оқу орындары мен арнайыландырылған мектептерінің кітапханаларымен қарым-қатынас орнатып, дамытып келеді:

1. «Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясы» РММ;

2. «Қазақ ұлттық Хореография академиясы» РМКМ;

3. «Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры» РМКМ;

4. «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапхана» РММ;

5. «Нархоз Университеті» АҚ;

6. «К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық орта арнаулы музыкалық мектеп-интернат» РММ.

7. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» РММ;

8. «Ресей мемлекеттік кітапханасы» Федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесі.


Ынтымақтастық аясында: Тараптардың кітапханалар қорында жоқ басылымдарға деген оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында өзара кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету; әртүрлі шараларды: тақырыптық семинарларды, дөңгелек үстелдерді және басқаларды ұйымдастыру мен өткізуге бірлесе атсалысу жүзеге асырылады.


Пандемия уақыты тек сынақ қана емес, сонымен қатар қашықтықтан қызмет көрсетуді дамыту мен жаңа қалыптарды іздеу уақыты болды. 2020 жылы ЖОО жинақтау, жүйелеу, каталогтау, оқырмандық ізденіс, кітап беру мен әкімшіліктендіру технологияларын қоса алғандағы барлық негізгі кітапханалық технологияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, құрамына 7 қажетті модуль енетін, ИРБИС 64+ атты жаңа кітапханалық бағдарламаны сатып алды. Сондай-ақ, кітапхананың заманға сай және атқарымдылық сайтын құруға арналған J-IRBIS 2.0 модулі – бағдарламалық құралдар кешені де сатылып алынды.


J-IRBIS 2.0 – бұл қызметтерін 24 сағат пайдалануға болатын, осы заманға сай ақпараттық технологиялар негізінде, қашықтықтағы пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа, сапалы деңгейіне өтуді қамтамасыз ететін жақсы мүмкіндіктері бар заманауи ақпараттық ресурс http://185.217.181.84:8087/JIrbis2/


ҒАКҚ Құрылымы


ПАЙДАЛАНУ ЕРЕЖЕЛЕРІ