Menu HELPDESK

Домбыра кафедрасы

 6B02104 – «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы, «Халық аспаптары» (домбыра, домбыра прима, бас домбыра, шертер, фольклорлық аспаптар) мамандандырылуы бойынша білім беру бағдарламасы 1945 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында іске асырылуда.

1945 жылы қазақ кәсіби музыка мектебінің негізін қалаушы, академик, Қазақ КСР Халық артисі, профессор А.Қ. Жұбановтың басшылығымен халық аспаптары кафедрасы ашылды. Қазақ халық аспаптары кафедрасы өзінің қалыптасуында кафедра дәрежесінен (1945) факультет мәртебесіне (1980) дейінгі дәстүрлі музыкалық өнердің білім беру қызметінің даму сатыларын көрсететін бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде ұлттық музыкалық мәдениетті және осы мамандықты одан әрі дамыту жолдарын алдын-ала анықтаған көптеген атақты музыканттар мен педагогтар еңбек етті – Қ. Жантілеуов, Л. Мұхитов, Х. Тастанов, Қ. Мұхитов, Ф. Мансуров, Б. Сарыбаев, М. Әубәкіров, А. Есқалиев, Т. Мерғалиев, С. Құсайынов, М. Қалауов және т. б. Бұл кезең домбыра репертуарының кеңеюімен, домбыра күйлерінің толық жазылуымен және нотаға түсуімен, жаңа мамандандырылудың ашылуымен сипатталады (домбыра-прима, бас-домбыра).

1980 жылы «Домбыра», «Қобыз және баян», «Оркестрлік дирижерлеу» кафедраларынан құралған халық музыкасы факультеті ұйымдастырылды.

1980 жылдан 1986 жылға дейін домбыра кафедрасының меңгерушісі профессор Қ. Мұхитов болды, оның жетекшілігімен кафедра кадрлық мәселелерді шешіп, оқу үдерісін жүйелеп, жаңа оқу жоспарларын, бағдарламалар мен оқыту әдістемесін жасады. Осы кезеңде кафедра оқытушылары К. Сахарбаева, А. Райымбергенов, О. Дүйсенов, Б. Ысқақов, Е. Басықара және С. Бүркітов сияқты талантты және жарқын түлектер болды. Кафедра кәсіби шеберліктің жаңа деңгейіне жетті. Оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар белсенді әзірленіп, домбырашының концерттік-орындаушылық репертуары Қазақстан композиторлары К. Күмісбеков, М. Әубәкіров, Б. Жұманиязов, Н. Тілендиев және т. б. шығармаларымен кеңейтілді.

1986 жылдан домбыра кафедрасын профессор А. Жайымов басқарды. Осы кезеңде кафедраның барлық мамандандырулары оқу репертуарының дәстүрлі компонентіне баса назар аударылады, оған шертер мен халық әні, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін тереңдету қосылады.

1991-1995 жылдары кафедра меңгерушісі болып профессор М. Әубәкіров тағайындалды, ол өзінің күш-жігерін оқу бағдарламаларына әлемдік классикалық музыканың үздік үлгілерін транскрипциялауға, оркестрлік және ансамбльдік музыканы жан-жақты дамытуға бағыттады.

1995 жылы кафедра басшылығы профессор Қ. Ахмедияровқа ауысып, кафедра студенттеріне сирек кездесетін домбыра мектептерінің стильдік ерекшеліктерін үйретуге ерекше назар аударды. "Құйма құлақ" әдісі қолға алынып, импровизация және сахналық шеберлік дағдылары енгізілуде, көрнекті дәстүрлі орындаушылармен шығармашылық байланыстар орнатылуда.

2007 жылдан 2018 жылға дейін кафедра меңгерушісі қызметін доцент С. Садықов атқарады, ол концерттік репертуарды және оқытудың жаңа жүйесі бойынша жаңа оқу бағдарламаларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлді, сондай-ақ фольклорлық аспаптар сыныбының ашылуын ұйымдастырды (сазсырнай, жетіген, сыбызғы).

2019 жыл мен 2022 жыл аралығында кафедраны профессор Т. Тоқжанов басқарды. Ол осыған дейін қалыптасқан үрдісті одан әрі қарай жалғастырып, 2022 жылы «Үш ішекті және фольклорлық аспаптар» секциясының ашылуына себепкер болады. Секцияға доцент З. Ізмұратова жетекшілік етеді.

2022 жылдан бастап «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі аға оқытушы, ҚР мәдениет саласының үздігі Д. Нұрбаева болды. Оның жетекшілігімен кафедрада ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Б. Ысқақов, К. Сахарбаева, Н. Әшіров; ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор А. Үлкенбаева; өнертану кандидаты Т. Мұқышев, Е. Үсенбаев; ҚР мәдениет қайраткерлері А. Райымбергенов, Е. Басықара, З. Ізмұратова, Т. Тоқжанов, Қ. Жұмағали; PhD докторы Е. Жамеңкеев, ҚР мәдениет саласының үздіктері Г. Далбағай, Н. Жақыпбек, С. Құдайбергенова, А. Кенегесов; өнертану ғылымдарының магистрлері Б. Игілік, А. Жұмағалиева, Ә. Алина, Е. Кәкежанов; «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Т. Сәденов және т. б.қызмет атқарады.

Қазіргі кезеңде домбыра кафедрасы XXI ғасырға ең бай рухани тәжірибемен, ұрпақтан ұрпаққа берілетін баға жетпес ұлттық дәстүрлермен және орасан зор шығармашылық әлеуетпен енген консерваторияның көне кафедраларының бірі болып саналады. Өзінің 78 жылдық тарихында кафедра халық аспаптарында үздік орындаушыларды даярлау бойынша ұстаханаға айналды, көрнекті өнер және мәдениет қайраткерлерінің – сақталуы бірінші кезектегі міндет болып табылатын айқын ұлттық дәстүрлерді сақтаушылардың үлкен галактикасын өсірді. Домбыра кафедрасы концерттік ұйымдардың солистерін, ансамбль мен оркестр артистерін, орта және жоғары музыкалық оқу орындарының оқытушыларын тәрбиелейді.


Оқытушы құрамы:

Тоқжанов Т.Т. – декан, профессор (акад.), ҚР Мәдениет қайраткері
Нұрбаева Д.А. – кафедра меңгерушісі, оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Әшіров Н.Н. – аға оқытушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Жәмеңкеев Е.Е. – аға оқытушы, (PhD) докторы
Сахарбаева К.С. – профессор (ВАК), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Ысқақов Б. А. – профессор (акад), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Райымбергенов А.Ы. – доцент (акад), ҚР Мәдениет қайраткері, өнертану ғылымының кандидаты
Үлкенбаева А. Н. – профессор (акад), ҚР Еңбек сіңірген артисі
Басықара Е. Б. – профессор (акад), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Мұқышев Т.К. –  доцент (акад), өнертану ғылымының кандидаты
Ізмұратова З.Ш. – доцент (акад), ҚР Мәдениет қайраткері
Далбағай Г. Е. – аға оқытушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнертану ғылымының магистрі
Жақыпбек Н. Б. – оқытушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнертану ғылымының магистрі
Кәкежанов Е. Б. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Жұмағали Қ. І. – доцент, ҚР Мәдениет қайраткері
Алина А.Қ. – аға оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Жұмағалиева А.М. – аға оқытушы, өнертану ғылымының магистрi
Игілік Б.Қ. – аға оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Құдайбергенова С.Ә. – аға оқытушы, Мәдениет саласының үздігі 
Кенегесов А.А. – оқытушы
Сәденов Т. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Жұмабаев А.Ш. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Үсенов Е. – профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері