Menu HELPDESK

Консерваторияда «Кәусар» жетігеншілер ансамблінің концерті өтті


2022 жылдың 11 мамырында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А.Жұбанов атындағы кіші залында «Домбыра» кафедрасының аға оқытушысы, Мәдениет саласының үздігі Жақыпбек Нұргүл Бижанқызы жетекшілік ететін, республикалық және халықаралық сайыстардың жүлдегері «Кәусар» жетігеншілер ансамблінің «Сезім гүлі» атты лирикалық концерті өтті.

Концертте ұжым репертуарындағы тың шығармалардан Ермұрат Үсеновтың «Кербез сұлу», Нұрғиса Құдайбергеновтің «Арай күн», Ержан Жәмеңкеевтің «Ана толғауы» күйлері, Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Кәкім Ердібайтегінің «Шолпы» әні және басқа да отандық, әрі шетелдік композиторлардың туындылары орындалды.

Ансамбльдің концертін тамашалауға арнайы келген Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Халық артисі Рымбаева Роза Қуанышқызы ұжымның шығармашылығына және кәсіби шеберліктеріне жоғары бағасын беріп, өзінің ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, консерваториямыздың Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Алмагүл Сессияқызы, Концерттік-шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру қызметінің басшысы Айнұр Исатайқызы, «Домбыра» кафедрасының жетекшісі Төлепберген Тоқжанов, Фольклор және үшішектілер секциясының жетекшісі Зәмзәгүл Ізмұратова да әуезді кеш сыйлаған орындаушыларға, жетекшілеріне және ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтып, шығармашылық табыс тіледі.






Альбомдарға оралу