Menu HELPDESK

Президентіміз Парламент Мәжілісі отырысында халыққа үндеу жасады



Жыл бастала сала елімізде орын алған қайғылы оқиға әрбір қазақстандықтың көңіліне қаяу салғаны рас. Батыс аймақта басталып, бүкіл елді шарпыған бейбіт шерудің аяғы арандатушы топтардың қасақана әрекеттерінің арқасында жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, оның арты мәлім болғанындай террорлық ұйымдардың зымиян жоспарына ұласқанын көрдік. Әсіресе әсем қала – Алматымыз өте аянышты хәлге түсті. Абырой болғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өткір шешімдері мен басшылығының арқасында жағдай тұрақталды. Оқиға салдарынан өз борышын өтеу үстінде ерлікпен қаза тапқан қауіпсіздік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ жазатайым құрбан болған қарапайым тұрғындардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл оқиғалардан еліміз үлкен сабақ алды.

Жағдай тұрақталғаннан кейін бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында жаңа үкімет басшысын тағайындап, халыққа үндеу жасады. Қазіргідей жауапты кезеңде Мемлекет басшысы елде тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік-экономикалық саясатта түбегейлі өзгерістер жасауға бағытталған кешенді тапсырмаларын жариялады. 

Президентіміз өз сөзінде: «Ең бастысы береке мен бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», - дегеніндей, жаңа Қазақ елі үшін қолымыздан келгенін аямай, мемлекетіміздің гүлденіп, алға басуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Президентіміздің Парламент Мәжілісі отырысындағы мәлімдемесіне жете құлақ түріп, Мемлекет басшысын толықтай қолдайтынын жеткізеді. Халықтың күші тек бірлікте екенін естен шығармайық! Ел іргесі берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 



Альбомдарға оралу