Menu HELPDESK

СТУДЕНТТЕРІМІЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДАН ОЛЖАЛЫ ҚАЙТТЫ

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» мамандығында білім алып жатқан студенттер Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған және «World talents» көп жанрлық халықаралық байқауларында бақ сынап, Гран-при жүлдегерлері атанды.

Додада топ жарып, қанжығаларын майлап қайтқан студенттер:

Аружан Дәркенбаева – Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған Халықаралық көп жанрлық байқаудың Гран-при иегері, аға-оқытушы, PhD докторы Олеся Викторовна Нестерованың сыныбы, концертмейстер Гүлназ Гаянқызы Қосаманова болды.     

Дәулетияр Есенгел – «World talents» халықаралық көпжанрлы байқауының Гран-при иегері, оқытушы Азамат Қапуханұлы Иманбаевтың сыныбы, концертмейстер Скрипченко Елена Анатольевна болды.

Байқаулар барлық әлеуметтік санаттағы дарынды балалардың шығармашылық өсуіне көмектесу және қолдау, кәсіби орындаушылар мен педагогтардың шеберлігін арттыру, шығармашылық тәжірибе алмасу әрі жас мамандардың педагогикалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында өткізілді.

Дүбірлі додалардың міндеттері:

- музыкалық және көркемдік білім беру деңгейін көтеру;

- музыкалық және көркемдік өнер арқылы балалардың рухани, интеллектуалдық және мәдени әлеуетін ашу;

- мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылық бейімделу процесіне тарту;

- өскелең ұрпақты ұлттық және әлемдік музыкалық және көркем мәдениет құндылықтарымен таныстыру, оларға патриоттық және адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру;

- қоғам назарын балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына аудару.

Халықаралық байқауларда өнер-білім ордасының абыройын асқақтатып жүрген жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен биік белестерді бағындыруларын тілейміз!







Альбомдарға оралу