Menu

КОНСЕРВАТОРИЯ РЕКТОРЫ ӘУБӘКІРОВА ЖӘНИЯ ЯХИЯҚЫЗЫНЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ

Қадірлі консерватория қонақтары, ұстаздары мен студенттері, әкімшілік өкілдері мен қызметкерлері!

Бүгін мен бұрынғыдан ауқымдырақ әлеумет алдына шығып тұрмын, өйткені, кез-келген жоғары оқу орны сияқты, консерваторияның да тыныс-тіршілігі сіздердің, яғни, жалпы қоғам назарында болуы тиіс. Бұндай кездесулерге бұрын-соңды қатыспаған бүгінгі біздің қонақтарымыз - сіздер ғана емес, өз ұстаздарымыз бен студенттеріміз де төрткүл дүниеде я туған елімізде, тіптен, төл консерваториямызда не болып, не қойып жатқанынан үнемі хабардар бола бермейді. Әрине, бұның бәрі - өмірдің жандана түскендігінен, ақпараттың күннен-күнге артуынан, білім беру жүйесінің үздіксіз жетілуінен. Және де, біздер, уақыт тапшылығынан, сол қажетті мол мағлұматтан дер кезі құлағдар болмай қаламыз. Міне, бүгін өз тарапымыздан сол олқылықтың орнын толтырмақ ниеттеміз.

Өзіміздің негізгі қызмет-қайраткерлігімізде біз, ең алдымен, Қазақстанның 2050-ші жылға дейінгі даму стратегиясын және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасын басшылыққа аламыз.

Мәдениет – елдің стратегиялық саласы. Сондықтан біз:
• мәдени игіліктің дамуына;
• ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің бар алуандығымен, мән-маңызымен сақталуына;
• мәдени дерек болып табылатын: тілдің, руханилықтың, дәстүрлердің, құндылықтардың сақталуына;
• мәдени-гуманитарлық және білім мен ғылым салаларындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюіне;
• жоғары кәсіби музыкалық білім беру ісін осы кезеңде және келешекте мамандарға деген зәрулікті барынша қанағаттандыруға бағдарлау;
• жоғары музыкалық білім беру жүйесіндегі ғылыми-зерттеу іс-қайраткерлігінің дамуына;
• қайталанбас қазақстандық мәдениеттің дамуына;
• Қазақстанның әлемдік қауымдастықта танымал болар «төлтаңбасын» қалыптастыруға және тағы басқа да міндеттер үшін жауаптымыз.

Мәдениет өкілдерінің рухани санасына Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәңгілік Ел идеясы айрықша жақын, өйткені, онда біздің қызмет-қайраткерлігіміздің негізгі мәні мен құндылығы терең пайымдалған.

Түп мәнінде, Мәңгілік Ел – Тарихымыздың, Мәдениетіміз бен Тіліміздің бір арнадан тамыр тартқан ортақтығы. Біз осы ортақ тарихи мұрамызды көздің қарашығындай сақтаймыз және сақтауға тиіспіз. Біз Қазақстан халқының мәдени алуандығын еселей түсеміз және еселеуге тиіспіз. Біз қоғамды біріктірудің негізі ретіндегі мемлекеттік тілді дамыту принципін және ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретіндегі үштілділік принципін ұстанамыз және ұстануға тиіспіз.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Стратегиялық жоспары мәдениетті жан-жақты дамытудың және оны заманауи сипатта әлемге танытудың негізгі бағыттарын одан әрі жалғастырады және, сонымен бірге, бізді студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми және шығармашылық өсу-өрістеу мүмкіндіктерін іске асыруға деген ынтасын арттыру мақсатына жұмылдырады. 

Министрліктің осы жоспары аясында: өнер мен мәдениет саласындағы білім ошақтарында оқитындар арасында халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары санын көбейту; қосарлы оқыту әдістерін белсендіру; біліктілігін жетілдірген, қайта даярлаудан, тағылымдамадан өткен, соның ішінде, шетелде тағылымдамадан өткен, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін профессорлық-оқытушылар құрамының үлесін арттыру міндеттерін қамтитын шаралар іске асырылады.

 

Шығармашылық жоғары оқу орнының ерекшелігі

Консерватория, ең әуелі, - шығармашылық жоғары оқу орны, демек, оның қабырғасында ендігі әр түрлі бағытта танылып үлгерген, сондай-ақ, өзінің танылу сәтін күткен дарынды, шығармашыл тұлғалар оқып, жұмыс істейді. Біздің бәріміз бір сахнада өнер көрсеткенде, жас, мәртебе, марапаттарымыз тұрғысындағы айырмашылықтарға қарамастан, шабыттанған туындыгерлерге, әріптестерге, мүдделестерге айналамыз. Бізде әкімшілік лауазымға онша-мұнша мән беріле қоймайды, қайта, музыкант ретіндегі беделің, кәсіпқойлық, әртістік талант дегендер маңызға ие. Әрине, кейбір көрнекті ұстаздар сахнада өнер көрсетпеуі мүмкін, есесіне, біздің студенттерімізді өте жақсы оқытып, тәрбиелейді. Кей студенттер оқу жылдарында-ақ әйгілі болып шыға келеді, ал, кейбіреуі атақ-даңқ атаулыдан өмір бойы құр алақан өтеді – атақ-даңқ атаулының заңы солай!

Сонымен бірге, білім беретін және ғылыми оқу орны болғандықтан, біз кейінгі жылдары белсенді мәдени-оқу, мәдени-ағарту орталығына да айналдық. 


Шығармашылық оқу орнындағы оқу үдерісінің ерекшеліктері

Құрметті ата-аналар! Сіздердің балаларыңызға бұнда оқу тіптен оңай емес! Бір жыл ішінде олар қисапыз көп дәрістерге қатысып, сансыз көп емтихандар тапсыруы тиіс, пән сабақтарынан қалмауы тиіс (әйтпесе жазғы семестрге немесе сол курста қайта қалу қаупі бар); ал, ең бастысы, олар бірінен соң бірі өтетін концерттерге, конкурстарға, фестивальдерге қатысуы тиіс! Барлық пәндерге дайындалу үшін оқушыларымыз күнделікті өз бетімен ізденіп оқуы тиіс және, ең бастысы, өзі таңдаған мамандық бойынша сағаттап дайындалуы тиіс.

Біздің оқу жоспарларымыз ұдайы жетілдіріліп тұрады; бүгінгі таңда ескірген пәндер оқу үдерісінен шығарылып отырады; біз оқытуда мейлінше қызықты әрі қажетті білімдерді пайдалануға тырысамыз.

Қазіргі заманғы оқу үдерісі білім «жинауда» студенттердің неғұрлым өз бетімен ізденуін діттейді – бір жақсысы, қазір интернет мүмкіндіктерінің арқасында оның еш ұиындығы жоқ. Қиындық басқада - осыншама мол ақпарат ағынында адаспай, керегіңді табу оңай шаруа емес, сондықтан, сапалы мағлұматты іріктеп алу үшін сыни пайым иесі болуың керек. 

Мен біздің өз студенттерімізге барынша тиянақты тәлім-тәрбие беріп жатқанымызға сенімдімін және осындай - музыканттарды жеке-дара оқыту - үдерісін қолдап отырған мемлекетімізге алғысымыз зор, өйткені, бір педагог бір студентпен айналысатын бұндай дәрістер оқу аяқталғанша өте көп болады. Бұл – өте қымбатқа түсетін оқу және басқа азаматтық жоғары оқу орындарында бұндай үрдіс жоқ. 


Жоғары оқу орнының сандық және сапалық көрсеткіштері 

Консерваторияда 4 факультет бар: 

- Музыкатану және менеджмент факультеті;
- Аспаптық орындаушылық факультеті;
- Вокал және дирижерлік факультеті;
- Халық музыкасы факультеті.

Әдетте, мемлекет алдында берілетін жыл сайынғы есептерімізде біздің қызмет-қайраткерлігіміз толық қамтылып, жан-жақты талданады. Атап айтқанда:
- ең алдымен, жоғары оқу орнының кадрлық әлеуеті – яғни, профессорлық-оқытушылар құрамының саны мен сапасы, ұстаздарымыздың жетістіктері, ғылыми және шығармашылық ізденістері, орта педагогикалық жас туралы деректер;
- оқу-оқыту үдерісі, оның нәтижелері, конкурстардағы жеңістер мен жетістіктер, қиындықтар, цифрлар, жекелеген тұлғалардың аты-жөндері, бағалар тізімі, студенттер, магистранттар, докторанттар контингентінің жыл ішіндегі қозғалысы; 
- ғылыми қайраткерлік - монографиялар, журналдар жариялау, республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыру, халықаралық ғылыми-зерттеу форумдарына қатысу, мемлекеттік білім стандарттарын, типтік және жұмыс оқу жоспарларын құру нәтижелері, жалпы біздің зерттеу жұмысымыздың мазмұны;
- халықаралық қайраткерлік - әлемнің елу оқу және концерттік ұйымдарымен шығармашылық байланыстар, шетелдік орындаушылармен және педагогтармен ынтымақтастық, әлемнің әйгілі залдарында жеке орындаушылар мен студенттердің шығармашылық ұжымдарының концерттерін ұйымдастыру; 
- концерттік-жобалық қайраткерлік - консерватория менеджерлерінің Алматыда, Астанада, Қазақстанның барлық аймақтарында халықаралық және республикалық жобаларды, концерттерді ұйымдастыру бойынша белсенді жұмысы;
- жоғары оқу орнының ақпараттық қайраткерлігі - мемлекетпен, қоғаммен, меценаттар мен демеушілермен, елдегі және шетелдегі серіктестермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен заманға сай өзара әрекеттестік формалары;
- бірегей бастамалар - Классика Радиосы, консерватория жанындағы Заманауи өнер мектебі, тұрақты негізде өткізілетін көптеген халықаралық жобалар. 

Бүгінде біздің консерваториямызды еліміз бен шетелдің барлық аймақтарында біледі, ал, біздің жұлдызы жанған түлектерімізді басты-басты театрлар мен концерттік ұйымдардан, әрбір симфониялық және халық оркестрлерінде, өз еліміз бен әлем университеттері мен колледждерінің педагогтары қатарында, шоу-бизнесте кеңінен танымал ансамбльдердің продюсерлері мен арт-директорлары арасынан көруге болады.

Заманауи маман-музыканттың миссиясы

Бүгінгі музыкант тек музыкант – яғни, аспапта орындаушы, әнші я сазгер ғана болмауы тиіс. Ол көрермен қауымның ықыласын үнемі сақтауы үшін қалыптан тыс қызғылықты, жаңа дүниелер ойлап тауып отыратын жан-жақты тұлғаға айналуы қажет. Сол мақсатта консерватория осы биылдан бастап екі түрлі мамандықты қатар иеленуге мүмкіндік беретін қызықты оқу бағдарламаларын құрды. Мәселен, пианист және оркестр дирижері, вокалист және арт-менеджер, музыка сыншысы және скрипкашы, тағысын тағылар. Яғни, студент болашақта кім болғысы келетініне қарай сол екеуінің бірін өзі таңдайды.

Біздің атақты серіктестеріміз

Олар әлемдегі ең әйгілі оқу және концерттік мекемелер – Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Париждегі Жоғары ұлттық музыка мен би консерваториясы, Варшавадағы Шопен атындағы Музыкалық университет, Лондондағы корольдік музыка академиясы, Эстон және Литва музыка академиялары, АҚШ-тағы, Оңтүстік Кореядағы университеттердің музыка факультеттері, Пекиннің, Шанхайдың, Гванчжоудың аса ірі консерваториялары және көптеген басқа да өнер ордалары біздің студенттеріміз бен магистранттарымызға шетелдік тағылымдамалардан өтуге, шетелдік әріптестерімен бірлесіп, ғылыми және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға айрықша мүмкіндік береді. 

Даңқты ұстаздар ұжымы

Қазақстанның бүгінгі кәсіби музыкалық өнерінің деңгейі көптеген елдер қызыға да қызғана қарайтындай дәрежеде. Бізде майталман ұстаздар мектебі, керемет дарынды музыканттар бар. Біздің музыкалық мекемеміз Ресейде, Еуропада, Америкада сұранысқа ие көптеген есімдерді атай алады. 

Біз де өз түлектерімізді мақтан етеміз. Сол есімдердің кейбірін ғана атап кетсек, олар: Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхаммедқызы, Қайыржан Жолдыбаев, Алан Бөрібаев, Асылбек Еңсепов, Айгүл Үлкенбаева, Аида Аюпова, Толқын Забирова, Әмір Тебенихин, Тимур Урманчеев, Айдар Торыбаев, Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Ян Рудковский, Ерболат Ахмедияров, Арман Жүдебаев, Қанат Омаров, Абылай Тілепбергенов және көптеген басқалары.

Жарық жұлдыздарға айналған беткеұстар өнерпаздарымызды баптап-өсіруге педагогтарымыз – КСРО және Қазақстан Республикасының Халық әртістері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Бекен Жылысбаев, Нәдия Шәріпова, Юрий Клушкин, Қаршыға Ахмедияров, Жамбыл Баспаев, Төлепберген Әбдірашев, Базарғали Жаманбаев, Гаухар Мырзабекова; Сара Күзембай, Нұрғиян Кетегенова, Болат Қарақұлов, Венера Ибраева, Александр Федянин, Тамара Сатыбалдина, Тамара Жұмалиева, Зере Шәкерімова, Ілияс Қожабеков; республиканың еңбегі сіңген қайраткерлері Нина Патрушева, Кәрима Сахарбаева, Таңатар Нұралы, Анвар Акбаров, Анатолий Гайсин, Ғабит Несіпбаев, тағы басқалары аянбай тер төкті.

Дегенмен, бүкіл еліміз бен шетелге мәшһүр бұндай есімдер осы, бүгінгі кездесуде аталғандағыдан әлдеқайда көп екенін айта кету керек, олардың баршасы адами әлеуетіміздің сапасын арттырып, сонысымен күллі Қазақстан, жалпы әлем жұртшылығына өмірдің мәнін, жан жарастығын, жасампаз іс-қайраткерлік қабілетін сақтап қалуға септігін тигізіп келеді.

Бір баяндамада барлық факультеттеріміз туралы айтып беру мүмкін емес. Жемісті жұмыс атқарып отырған факультеттердегі барлық мамандықтар бойынша зор жетістіктеріміз баршылық. Соның ішінде мен Халық музыкасы факультетіне қысқаша тоқталғым келеді.

Кейінгі жылдары, нақтырақ айтқанда, Қазақстан тәуелсіздікке жеткен және ұлттық музыкалық мәдениеттің қайта жаңғыруы үдерісі жүрген соңғы жылдары оқуға түсетін талапкерлер саны ұдайы артып келеді, сол себепті оқуға қабылдау конкурсы да үлкен. Біздің халық музыкасынан дәріс беретін мамандарымыздың өздері концертке шығып, өнер көрсетеді, ал, студенттеріміз үздіксіз жүретін концерттер, конкурстар, фестивальдер, Қазақстан мен шетел бойынша гастрольдердің бел ортасында жүріп оқиды. Қазақ халық музыкасы мамандары қазір зор сұранысқа ие және де, бұл, ең әуелі, оларға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттің, демеушілердің еңбегі, аймақтардың ұлттық музыка өнерін дамытып, насихаттауға бағытталған шараларды ұйымдастыру бойынша бастамаларының нәтижесі екенін атап кеткім келеді. 

Оқу үдерісінің материалдық-техникалық қамтамасыздығы

Студенттеріміз толықтай музыкамен шұғылдана алуы үшін, консерваторияда жеткілікті дәрежеде музыкалық аспаптар қоры бар, олар - жүзден астам жаңа рояль мен пианино, симфониялық оркестр аспаптары, халық аспаптары оркестріне арналған аспаптар. Оқу аудиториялары заманауи техникалық оқыту құралдарымен жабдықталған, жыл сайын - әрине, бюджеттік қаржыландыру мүмкіндіктеріне қарай - компьютерлер, принтерлер паркі жаңаланады, типографияға арналған керек-жарақтар сатып алынады.
Биыл консерваторияның шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға демеушілік көмек беріп келе жатқан, біздің көпжылғы серіктесіміз - "Самұрық-Қазына" қорынан алынған қаражатқа біз консерваторияның күннен-күнге артып келе жатқан ақпараттық, оқу-оқыту, ғылыми-шығармашылық мұқтаждықтарын қамтамасыз ету мақсатында қуатты серверлер, бағдарламалық өнімдер сатып ала алдық – осылайша бұрындары объективті және субъективті жағдайларға байланысты зәрулік тудырып келген көп жылғы кем-кетіктің орны толды. 

Біз толықтай студентке бағдарланған, яғни, заманауи ғылыми-ақпараттық кітапхана қызметі, екі оқу корпусында да Wi-Fi –ға қосылу желілері, студенттерге арналған арнайы реакреациялық аймақтары, кофе-брейктер мен ұстаздардың демалысына арналған арнайы ғимараттары бар жоғары оқу орнын құру мақсатын іске асырып келеміз.
Бізде 3 концерт залы бар, оларда күн сайын дерлік студенттердің, педагогтардың, шетелдік музыканттардың концерттері өткізіліп тұрады.

Консерваторияның әйгілі жатақханасынан қазақстандық музыка өнерінің көптеген аты аңызға айналған тұлғалары өсіп-өніп шықты, ал, алдағы бірнеше жылда жатақхана студенттердің өмірі мен оқуына аса жайлы, барлық жағдай жасалған, әрі тұрғын үй, әрі концерттік-спорттық зәулім кешенге айналады.

Біздің ең үздік студенттерімізге консерватория жанындағы «Классика.KZ» телерадиостудиялық кешенінде бейнебағдарламалар жасауға, жеке дискілерін шығаруға, «Классика радиосының» жұмысы мен бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктер берілген.
Осының барлығы - консерватория қабырғасында дәріс алған немесе оның сахналарында өнер көрсеткен кезде, жеке орындаушылар мен студенттік ұжымдар құрамында елдегі және шетелдегі гастрольдерге шыққанда, сансыз көп халықаралық және республикалық жобаларға, фестивальдерге, конференцияларға қатысу барысында қазіргі студенттерге берілетін зор мүмкіндіктер; және бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Біздің шығармашыл жастарымыз мамандықты дұрыс таңдайды, қызықты шығармашылық мансап жолына түседі; өзін-өзі танытып, өзінің көпқырлы дарынын, бойдағы бар қабілеттерін толық ашып, іске асыру жолында өмірлік және жеке тұлғалық табыстарға, бақытқа жетуге олардың қарымы да, қауқары да мол.

Өзгерістер үдерісі

Сондай-ақ, биыл консерватория Қазақстан Республикасының 2016-2020-шы жылдарға арналған Мемлекеттік білім саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, "Коммерциялық емес акционерлік қоғам" болып қайта құрылу болжалды жоспары бойынша, жаңа заңды мәртебе алу тұрғысындағы кешенді шаралады жүзеге асыра бастады.

Алдағы өзгерістерге байланысты қажетті ақпарат біздің ұжымымызға бірнеше кездесулер барсында жеткізілді, ал, осыған орай жасалатын нақты қадамдар мен іс-әрекеттер консерватория сайтының жаңалықтар бөлімінде егжей-тегжейлі баяндалған. 

Үстіміздегі жылдың ақпан айының бас шенінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Вице-премьері Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызымен кездесу болып, онда жоғарыда аталған жаңа Мемлекеттік білім саласын дамыту бағдарламасы аясында Республиканың білім беру ісінің стратегиялары бойынша жалпы мәселелер, жоғары білім, соның ішінде шығармашылық жоғары білім беру саласын әрі қарай жетілдіру бойынша шаралар талқыланды. Дариға Нұрсұлтанқызы алдағы реформаларға қатысты өз көзқарасын білдіріп, ойларымен бөлісті, осы үдерістің жекелеген мәселелеріне байланысты кеңінен түсініктеме берді.

Вице-премьермен кездесуден кейін сол ақпан айы ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика Министрімен, сол Министрліктің жетекші мамандарымен, Білім және ғылым министрімен, Мәдениет және спорт министрімен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік бойынша комитетінің төрағасымен, "Коммерциялық емес акционерлік қоғам" мәртебесі, оның қаржылық-экономикалық мүмкіндіктері бойынша комитет мамандарымен, стратегиялық менеджмент саласының сарапшыларымен, маркетологтармен, HR, PR бойынша мамандармен, әр түрлі бағыттағы кеңесшілермен кездесулер ұйымдастырылды.

Бірлескен іс-қайраткерлік туралы келісім шеңберінда Ақпараттық технологиялар университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ректорларының, сондай-ақ, осы екі жоғары оқу орнының әкімшілігі мен өкілдерінің кездесуі өтті. 
Кездесу барысында шығармашылық жоғары оқу орнының ерекшелігін ескере отырып, консерваториядағы білім беру үдерісін информатизациялау, заманауи IT-технологияларды енгізу, арнайы құрал-жабдықтарды жаңарту, қызметкерлерді бағдарламалық қамтамасыздықпен жұмыс істеуге үйрету мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, әлемдік стандарттар деңгейінде дыбыс режиссерлерін даярлау бойынша бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры және жауапты қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өтті. Техникалық университет пен консерваторияның осы ынтымақтастығын жалпы мәдениет саласына қажетті жоғары деңгейлі мамандарға мүдделі Мәдениет министрлігі де жоспарлы түрде қолдауға әзір.

Он бесінші наурызда жаңа мәртебе алу мәселесіне арналған консерватория достарының алғашқы мәжілісі болып өтті, оған белгілі әрі беделді сарапшылар, экономистер, қаржыгерлер, маркетологтар, талдаушылар - Ораз Жандосов, Қанат Нұров, Ерлан Стамбеков, Аида Досаева, Аида Әлжанова, Жанна Сатыбалдина, Ирина Кан және басқалары қатысты. Тұңғыш рет биік бұқаралық деңгейде біздің жоғары оқу орнымыздың қазіргі тыныс-тіршілігі, келешектегі дамуы, оның іс-қайраткерлігін стратегиялық тұрғыдан жоспарлаудың заманауи принциптері және оның ауқымын кеңейту мәселелері мысалға алына отырып, шығармашылық білім беру, өнер, мәдениет мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесу нәтижесі бойынша өзгерістерді қажет ететін бес іс-қызмет саласы айқындалды, олар – негізгі ағымдық үдерістер, маркетинг, әкімшілік мәселелері, басқару жүйесін қайта құру, консерватория әлеуетін нығайту. 

Консерватория әкімшілігі екі ай ішінде, яғни, наурыз-сәуір айларында беделді халықаралық сарапшылар - Аида Әлжанова мен Зарина Арслановадан, қазақстандық PR клубтарының президенті Аида Досаевадан стратегиялық жоспарлау, операциялық жоспарлар, ұйымның мәні мен мақсатын және оның келешектегі келбетін айқындау бойынша бірқатар кеңестер алды.

Сонымен бірге, “ARTA” компаниясының басшысы Болат Башеевпен және оның серіктестері – бағдарламалық қамтамасыздық өндірісімен айналысатын, операциялық консалтинг және бизнес-үдерістерді автоматтандыру, бизнестерді қайта құру және басқа да қызметтер көрсететін халықаралық ұйыммен кездесулер ұйымдастырылды.
Көпқырлы ынтымақтастық бойынша жоспарлар құрылды. Осы компания мамандарының ұсыныстары нәтижесінде биылғы жылы консерваторияның кәсіптік бағдар беру, әлеуетті талапкерлерді тарту жұмысы табысты жүрді.

Біздің әлемдік "төрттік" («Big4»), сондай-ақ, "Deloitte" аудиторлық компанияларында жұмыс істеу тәжірибесі бар достарымыз ерікті қызмет негізінде, консерваторияға тегін көмек ретінде, консерваторияның халықаралық білім стандарттары, заманауи, жан-жақты мақсаттар бағытындағы жаңа стратегиясын жасау үстінде.

Консерваториядағы әкімшілік өзгерістер

Маусым айының 1-інен бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Бірінші проректоры ретінде Қуандықова Майра Алдажарқызы жұмысқа кірісті. Қуандықова Майра Алдажарқызы – қызметкерлер құрамын басқару, әлеуметпен байланыс, халықаралық ынтымақтастық, әкімшілік басқару үдерістерін қалыптастыру және енгізу мәселелері бойынша мол тәжірибе иесі, ENRC компаниясының адам ресурстарын басқару бойынша вице-президенті ретінде он жеті жылдық тәжірибесі бар маман.

Жазда, сондай-ақ, әкімшілік-шаруашылық мәселелер бойынша, заманауи логистика бойынша кеңесші - Тойбеков Сырым Қазбекұлы біздің оқу орнымызда жұмысқа кірісті. Жаңа қызметкерлердің біліктілігі арқасында консерваторияны жаңа оқу жылына білім беру кеңістігін ұйымдастыру, ұстаздар мен студенттердің еңбек етуіне жақсы жағдай туғызудың заманауи әдіс-тәсілдерін ескере отырып даярлай алдық. 

Ұжымды ұдайы өзгерістер, қайта құру үдерісіне тартуға септесетін уәжділік факторын күшейтуге, бүкіл ұжымның және оның мүшелерінің әрқайсысының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін тренингтер өткізілді және әлі де өткізілетін болады. Қазіргі даму сатысында бұл бірінші дәрежелі басты міндетке айналып отыр. Ілгерідегі жылдары жоғары оқу орнының негізгі назары, басым түрде, студенттердің кәсіби сапасын арттыруға бағытталып келді. Студенттерге арналып түрлі бағдарламалар құрылды, олардың елдегі және шетелдегі жетістіктерін жұртшылыққа танытуға зор көңіл бөлінді, әр қилы конкурстар, фестивальдер, концерттер ұйымдастырылды, шеберлік дәрістерін өткізуге шетелдік мамандар шақыртылды. 

Енді біз ауқымды түрде ұстаздардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз, оқу бағдарламаларымызды арта түскен қоғам талаптарына сәйкес қайта қарастырудамыз, студенттерді даярлаудың мазмұны мен деңгейлерін саралап оқыту жүйесіне лайықтау тұрғысынан құрылған бағдарламалар қатарын көбейтудеміз, студенттерге бір мезгілде екі мамандықты меңгеру мүмкіндігін беріп отырмыз. Өндірістік тәжірибе нормативтері мен формалары да қайта қаралуда.

Біз консерваториядағы өзгерістер бағдарламасын Бас демеуші - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры» қолдағанын мақтан етеміз, біздің жоспарларымыз күннен-күнге күшейе түскен қазақстандық және әлемдік экономика талаптарына байланысты өзі де үлкен өзгеріс үстіндегі аталмыш қордың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетіні қуантады. Әлеуметтік бағдарланған кең ауқымды саясат ұстанатын "Самұрық-Қазына" қорының, консерватория жобаларын қолдаудың маңызды шарттардың бірі ретінде, оның әлеуметтік және қайырымдылық іс-қайраткерлігін ескеретіндігі біз үшін өте маңызды.

Әрине, консерваторияның күнделікті жұмысы, шығармашылық ұжымдарымыздың әлемнің бас қалаларына, мәдени орталықтарына кең көлемді сапарлары сияқты маңызды оқиғалар туралы көп әңгімелеуге болады; сол сияқты, біздің шығармашылық дәрістеріміз немесе біздер соңғы бірнеше жылда Алматы қаласындағы Республика сарайында және Астана қаласындағы "Қазақстан" концерт залында өткізіп жүрген Гала-концерттерді даярлау кезіндегі студенттік ұжымдардың репетицияларын ұзақ сипаттауға болады; немесе біздің құрметті профессорларымыз бен талантты түлектеріміз туралы, оқып жүріп-ақ зор шығармашылық нәтижелерге жетуге қабілетті және сонысымен оқу орнының ғана емес, еліміздің де даңқын аспандатып жүрген қазіргі студенттер туралы да көп әңгімелеуге болады. Бүгінде біз өзіміздің тәжірибелі де озық ойлы педагогтарымыз - Гүлнар Нұрланова, Гүлжан Өзенбаева, Сәуле Медеубаева, Ләйлә Қалиақбарова, Арман Тілеубергенов, Ғалия Бегембетова, Айгүл Қосанова, Тимур Нілдікешев, Ботагөз Айғалқаева, Шолпан Оңғарова, Лилия Газизова, Данара Мұсахан, Диана Братусь, Жанар Хидуанова, Санжар Бәйтереков, Олеся Нестерова, Алтынай Жұмағалиева, Әсел Алина, Валерия Недлина, Марина Ожерельева, Анна Зеленцова, Анастасия Боровиковаларға сүйенеміз.

Консерватория ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің алдына біздің жоғары оқу орнымыздың бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін жаңа өзекті міндеттер қойылуда. Еліміздің білім беру жүйесі үштілділікке бет бұрған – біз де сол көштен қалмауымыз керек. Болашақ мәдениет қайраткерлері үшін IT білімнің ролі мен маңызы да одан кем емес, сондықтан біз өз мүмкіндіктерімізді дамытып, күшейте түсуіміз керек. 

Шетелдік студенттерге біздің жоғары оқу орнымызда шектеусіз білім алуға мүмкіндік беретін халықаралық ынтымақтастық – алыс келешекте емес, жуық арада-ақ жүзеге асатын шындық, сол себепті, біз әлемдік білім кеңістігіне іс жүзінде қосылу үшін бар мүмкіндікті пайдаланып, жағдай туғызуға тиіспіз.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры -

Ж.Я.Әубәкірова

вернуться в альбомы