Menu HELPDESK

Алматыда «Бүгінгі музыкалық түркология: мәселелері мен келешегі» Халықаралық конференциясы өтті

2025 жылғы 11 сәуір күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Түркі халықтарының музыкасы»  Бірінші Халықаралық симпозиумының өткеніне 30 жыл толуына орай «Бүгінгі музыкалық түркология: мәселелері мен келешегі» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 
Ең алғаш 1995 жылы ұйымдастырылған симпозиум музыкалық түркітанудың дербес ғылым саласы ретінде дамуына негіз болды. 2025 жылдың конференциясы  түркі музыка ғылымының қазіргі жағдайы мен болашағын талқылау үшін Қазақстан, түркітілдес елдер, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Ресей және Жапонияның жетекші сарапшыларының басын қосты.
Конференция Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, Алматы қаласы әкімдігінің және белгілі мәдениет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференция аясында әзірбайжандық әріптестердің қолдауымен әзірленген «Түркітілдес елдердің ұлттық музыкалық аспаптары» атты халықаралық ғылыми басылымның тұсаукесері өтті.Қазақ ұлттық консерваториясының  базасында Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен Болат Қарақұлов атындағы Түркі музыкалық мәдениеті мен мұрасы орталығының ашылуы – басты оқиғалардың біріне айналды.
Конференция бағдарламасында пленарлық баяндамалар, тематикалық секциялар, жетекші зерттеушілердің шеберлік сағаттары және түркі халықтарының кең ауқымды музыкалық дәстүрлері мен олардың заманауи интерпретацияларын көрсеткен «Түркі әлемінің дәстүрлі және заманауи музыкасы» атты концерті қамтылды. 
Конференция түркі елдерінің рухани кеңістігінде гуманитарлық ғылымдардың ерекше маңызға ие болып отырған кезеңінде ұйымдастырылып, консерваторияның түркі әлемінің мәдени мұрасын ғылыми және көркемдік тұрғыда зерделеуді біріктіретін зияткерлік орталық ретіндегі маңызды рөлі айқындалды.
 
 
 
Альбомдарға оралу