Menu HELPDESK

ТҮРКІ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ ШЫҒЫС КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА АКАДЕМИЯСЫ

2025 жылдың сәуір айында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Студенттік симфониялық оркестрі Таяу Шығыс классикалық музыка академиясының (Middle East Classical Music Academy, MECMA) төртінші маусымына қатысады. Бұл іс-шара Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтеді. Жас ұжым үшін бұл халықаралық сахнада өнер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі музыка мамандарынан дәріс алу үшін бірегей мүмкіндік болмақ.

Алдыңғы үш маусым көпшілік пен кәсіби орта тарапынан жоғары бағаланған MECMA 2025 Академия тарихындағы ең ауқымды әрі амбициялық маусым болғалы отыр. Академияның басты мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды жас музыканттарды шабытты ортада, шығармашылық пен өзара тәжірибе алмасу аясында біріктіру.

6 – 21 сәуір аралығында қатысушылар үшін жастар оркестрлері мен хор ұжымдарына арналған шеберлік сабақтары өтеді. Бұл сабақтар студенттерге ансамбль құрамында да, жеке аспаптық топтар шеңберінде де шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Академия аясында түрлі аспаптар бойынша жеке шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Атап айтқанда: скрипка, виолончель, флейта, гобой, кларнет, фагот, валторна, труба, тромбон, саксофон, фортепиано және басқа да аспаптар қамтылады. Бұл сабақтарды әлемге танымал педагогтар, профессорлар мен орындаушылар, соның ішінде Токио филармониялық оркестрі (Жапония) мен Франц Шуберт филармониясы (Испания) музыканттары жүргізеді.

Академияның үздік қатысушылары Дубайдың жетекші концерт залдарында өтетін күндізгі концерттер бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Олар Таяу Шығыс Жастар классикалық музыка оркестрімен бірге өнер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі солистермен бір сахнада шығатын болады.

Сонымен қатар, MECMA қатысушылары InClassica халықаралық классикалық музыка фестивалінің 14-ші маусымындағы концерттерге еркін қатыса алады. Бұл фестиваль әлемдегі ең беделді музыка фестивальдерінің бірі болып саналады және Dubai Opera сахнасында өтеді. Фестиваль аясында 16 концерт, 2 халықаралық оркестр, 5 дирижёр және 13 танымал солист өнер көрсетеді. Олардың қатарында: скрипкашылар Гиль Шахам (АҚШ), Максим Венгеров (Монако), Даниэль Лозакович (Швеция), пианистер Михаил Плетнёв (Швейцария), Бехзод Абдураимов (Өзбекстан), виолончелистер Готье Капюсон және Эдгар Моро (Франция) және тағы басқалар бар.

Академияны сәтті аяқтаған қатысушыларға дипломдар табысталып, олар өзімен бірге баға жетпес тәжірибе, жарқын әсерлер, халықаралық достық байланыстар мен кәсіби жолындағы маңызды дағдыларды ала кетеді. Бұл олардың болашақта классикалық музыка саласында табысты мансап құруына негіз болады.

 

 

Альбомдарға оралу