Menu HELPDESK

«АҚТҚ инфекциясы және ЖҚТБ алдын алу» тақырыбында кураторлық сағат өтті

2024 жылдың 27 наурызында консерваторияның А.Жұбанов атындағы концерттік залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасының студенттерімен Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Көбеев Дәурен Асқарұлы мен АҚТҚ / ЖҚТБ жаңа психоактивті заттар бойынша кеңесші Мирас Мырзаханның кездесуі өтті. Кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақтарды студенттерге таныстырды.

Алғашқы қонағымыз студенттерге нашақорлықтың зияны мен оның қоғамға әкелер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Студенттерге есірткі, нашақорлық туралы сұрақтар қойып, жастар тарапынан тиянақты жауабын алып отырды. Өз сөзінде қонағымыз жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, ынталы шәкірт, білікті маман болуға шақырды.

Екінші қонағымыз студенттерге АҚТҚ пен ЖҚТБ туралы баяндады. Біз бұл індеттер жайлы жиі естиміз, оқимыз, айтамыз. Бірақ дәл осындай қасіретке шалдыққан жандар қалай өмір сүріп жатқанын тіпті ойлағымыз да келмейді.

СПИД – иммундық жүйенің зақымдануы нәтижесінде организмнің қорғану күші әлсіреуінен туған патологиялық күй. Бұл ауруды ВИЧ - адамның иммундық тапшылық қоздырғышы (АҚТҚ) тудырады. АҚТҚ аурудың қандай да бір белгілері білінгенге дейін, адам ағзасында жылдар бойы тіршілік ете жүріп, басқа адамдарға да жұғуы мүмкін. АҚТҚ ең алдымен адам ағзасының қорғаныштық тетіктерін зақымдап, оларды аурулар мен инфекцияларға қарсы тұра алмастай дәрменсіз етеді. Бұндай аурулар мен инфекциялар АҚТҚ жұқтырған аурулар үшін өлім есігін ашады.

Ендеше әрбір есті азамат өзінің адамдық борышын ұмытпай, өз өмірлерін көлденең кеселден қорғап, әртүрлі жат қылықтардан (темекі шегу, арақ ішу, есірткі қолданудан) аулақ болып, дұрыс өмір сүруге талпынуы қажет.









Альбомдарға оралу