Menu HELPDESK

I Халықаралық «GASISA» байқауында лауреат атанған студенттерді марапаттау рәсімі өтті



23 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ф.Шопен атындағы камералық залында «Міндетті фортепиано» аталымы бойынша І Халықаралық «GASISA» байқауында лауреат атанған студенттерімізді марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш байқау қазақтың көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, профессор, КСРО халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, консерватория ректоры болған Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналды.

Білім алушылар жас ерекшелігіне байланысты екі аталымда бақ сынады. 3 студент І орын, 6 студент II орын, 11 студент III орынға ие болды. Қалған қатысушылар дипломдармен марапатталды. Кафедра оқытушыларына «Алғыс хаттар» табысталды.

Марапаттау рәсімін ұйымдастырушы әрі жүргізуші «Жалпы фортепиано» кафедрасының меңгерушісі, доцент Олексенко Игорь Владимирович болды. Игорь Владимирович І Халықаралық «GASISA» байқауында «Міндетті фортепиано» аталымы бойынша төрелік етті.

Жұбановтар мұражай-үйінің директоры, аға-оқытушы Камила Мұратқызы Мамбетова марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, конкурста өнер көрсеткен жастарды құттықтап, І дәрежелі жүлдегерлер мен Ғазиза Жұбанованың шығармасын үздік орындап, дипломмен марапатталған студенттерге бағалы сыйлықтар табыс етті.

Шара барысында кафедра доценті Шин Елена Ильинична мен аға-оқытушы Ғафиатуллин Тауфик Хайдарұлы сөз сөйлеп, байқаудың жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі, ұлы музыканттар мен композиторлардың мұрасына, соның ішінде Ғазиза Жұбановаға үлкен құрмет көрсетудегі маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық байқауда жеңімпаз атанған студенттерімізді шын жүректен құттықтап, алдағы алар асулары көп болғай деп тілейміз!

 



Альбомдарға оралу