Menu HELPDESK

Композитор Бәкір Баяхунов 90 жаста



2023 жылдың 15 қыркүйегінде консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында белгілі композитор, Қазақ КСР-ның Халық артисі, профессор Бәкір Баяхуновтың 90 жасқа толуына орай мерейтойлық шығармашылық кеші болып өтті. Бәкір Яхиянұлы музыка әлеміне кеш қадам жасағанымен, осы күні үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, Қазақстандағы кәсіби музыка саласының дамуына зор үлесін қосып келе жатқан тұлға.

1960 жылы композиция класын тәмамдаған Бәкір Баяхунов үш жыл Мәскеу консерваториясында тағылымдамадан өтеді. Мәскеуден оралғаннан кейін Бәкір Яхиянұлы Алматы консерваториясында полифония, аспаптар мен композициядан сабақ береді. Композиторлар Одағында шығармашылық комиссиясын басқарады, біраз уақыт басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Өткен ғасырдың 80 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесі жанындағы дүнген диаспорасы бойынша консультант, ал 1989 жылы КСРО-дағы алғашқы Дүнген мәдени орталығының төрағасы болып сайланды.

Композитордың авторлық стилі шығармашылық ұмтылыстардың көп қырлылығымен, интеллектуализмнің жоғары дәрежесімен, Шығыс-Батыс мәдениетаралық диалогы деңгейінде де, Шығыстың дәстүрлі мәдениеттері деңгейінде де көрініс табатын көп деңгейлі синтезбен сипатталады, бұл композитордың шығармашылық әдісінің бірегейлігін көрсетеді. 

Мерейтой иесі сюжетіне өмірі мен өнер жолы арқау болған төрт бірдей телевизиялық фильмнің кейіпкері атанған. Оның көрнекті мәдениет қайраткері ретінде келбетін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінен де көруге болады. Өнерді жоғары бағалайтын жандар үшін ғаламторда композитордың арнайы сайты жұмыс жасайды.

Салтанатты кештің концерттік бөлімінде композитордың биыл шығарған шығармалары алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Атап айтсақ Н.Баяхунова, Л.Попова, З.Гафиатуллина, А.Сметанин, С.Благодарная, И.Гавриленко, Е.Гимарат және «GATOB guartet» ішекті аспаптар квартеті композитордың шығармаларын орындап, көрермен қошеметіне бөленді.





















Альбомдарға оралу