Menu HELPDESK

Композитор, педагог Бахтияр Аманжолов дүниеден озды


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты, композитор Аманжолов Бахтияр Тұтқабайұлының мезгілсіз қазаға ұшырауына байланысты консерватория ұжымы туған-туыстарына, дос-жарандарына, әріптестеріне қайғыра көңіл айтады.

Аманжолов Бахтияр Тұтқабайұлы П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының композиторлық сыныбын тамамдаған. 1991 жылдан бері Қазақстан композиторлар одағының мүшесі. Оның шығармашылығы симфониялық күй, концерт, сюита, соната, прелюдия және фуга, пъеса, вокалдық цикл сияқты түрлі жанрлық бағыттарды қамтыды. Композитор оркестрге, әртүрлі санаттағы ансамбльдерге, фортепианоға, домбыраға, қобызға, ұрмалы, үрмелі және ішекті аспаптарға және жеке дауысқа, хорға арналған тағы да басқа көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Ол А.Құнанбайұлы, О.Сүлейменов, М.Жұмабаев, Е.Жапақ сынды қазақ ақындарының және Омар Хайям, Гарсиа Лорка сияқты шетелдік авторлардың өлеңдеріне музыка жазды. Сонымен қатар ол бірталай оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми мақалалардың авторы. Бахтияр Тұтқабайұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қырық жылдан аса еңбек етіп, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Ол Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледж бен А.Жұбанов және К.Байсейітова атындағы мамандандырылған музыка мектептерінде де дәріс беріп, жас музыканттарды кәсіби музыкаға баулыды. Аманжолов Бахтияр Тұтқабайұлы еліміздегі кәсіби музыка саласының дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман, тәжірибелі педагог, ұлттық құндылықтарды қастерлей білген халқының ардақты перзенті еді.

Марқұмның жатқан жері жаннатта, топырағы торқа болсын!

Альбомдарға оралу