Menu HELPDESK

Консерватория студенттері тарихи орындарға саяхат жасап қайтты



2023 жылдың 29 сәуірінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 95 студенті ректор Жүдебаев Арман Әділханұлының бастамасымен еліміздің оңтүстігіндегі тарихи, қасиетті орындарға арнайы туристік саяхатқа аттанды. Үш күндік сапар бағдарламасы бойынша саяхатшыларымыз Түркістан және Жамбыл облысындағы қасиетті орындар: Отырар ауданындағы Арыстан Баба (Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы) мавзолейі, аспан астындағы мұражай ретінде жартылай қалпына келтірілген көне Отырар қаласы, Түркістан шаһарындағы Әзірет Сұлтан - Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мавзолейі, «Керуен-сарай» комплексі, Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана (Нүрилә әулие анамыз) кесенесі, Ақмешіт киелі үңгірі, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Айша бибі және Бабаджа Хатун кесенелерін зиярат етті.


Саяхатқа асыраушысынан айырылған отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі санатқа жататын, сондай-ақ, оқу үлгерімі жақсы, студенттік клуб жұмыстарында, консерваторияның басқа да іс-шараларында белсенділік танытып жүрген студенттер жіберілді.


«Мұндай сапарларды ұйымдастырудан мақсат: жастарымыздың таным көкжиегін кеңейтуіне ықпал ету, рухани тәлім-тәрбие беру, студенттерімізді ынталандыру» - деді Арман Әділханұлы.


Саяхатшы студенттеріміздің сапарлары оң, зияраттары қабыл болсын!













Альбомдарға оралу