Menu HELPDESK

Консерваторияда ғалым Шамғали Сарыбаевтың 130 жылдығына арналған ауқымды іс-шара өтті



12 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы концерт залында көрнекті ғалым, кемел әдебиетші, әдіскер, қазақ тілді оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ағартушы, лингвист Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай келелі кеш ұйымдастырылды. Аталмыш шарада алғашқы сөз кезегі консерватория ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлына берілді. Мұнан соң сахна төріне Мемлекет басшысының Құттықтау хатын оқу үшін Астанадан арнайы келген Президент кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы көтерілді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов өз кезегінде ғалымның ерен еңбегі мен өнегеге толы өмірі жайында айтып өтті.

Мәдени іс-шара ұлағатты ғалымның 130 жылдығына орай арнайы түсірілген «Ғұлама» деректі фильмінің көрсетіліміне ұласты. Мұнан соң Абылай хан даңғылы бойындағы 113 үйдің қабырғасына орнатылған Ш.Сарыбаев әулетінен тараған белгілі тұлғаларға арналған естелік тақтаның ашылу салтанаты өткізілді. Мемориалды тақтаның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Е.А.Досаев, ҚР Халық артисі Р.Қ.Рымбаева және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өнегелі өмір жолын ағартушылыққа арнаған ұлағатты ғалымның еліміздің білім саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Оның қазақ тілі және оны оқыту әдістемесі, педагогика туралы 100-ге тарта ғылыми мақалалары мен он шақты монографиясы секілді құнды мұраларының арқасында бүгінгі ұрпақ ана тіліміздің кәусар бұлағынан нәр алуда.

Шамғали Сарыбаевтың ұрпақтары да қазақ өнері мен ғылымы әлемінде шоқтығы биік тұлғалар.

Ұлы - Болат Шамғалиұлы Сарыбаев (1927-1984 жж.)-көрнекті этноаспаптанушы ғалым, қазақ этноаспаптануының негізін қалаушы. Қазақтың көне музыкалық аспаптарының тұңғыш рет толық ғылыми сипаттамасын жасап, терең зерттеген және оларды қайта жаңғыртып, дыбысталуы мен тартылу әдістерін қалыптастырған тұлға. Ол консерваторияны қобыз класы бойынша бітіріп, «Халық аспаптары» кафедрасында бірнеше жыл қызмет атқарған.

Тағы бір ұлы-Шора Шамғалиұлы Сарыбаев-ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, әке жолын қуып тіл ғылымына зор үлес қосқан ғалым.

Немересі Талғат Болатұлы Сарыбаев-консерватория түлегі, ақын, композитор, музыкатанушы әрі өңдеуші. Ол көзі тірісінде-ақ асылдың тұяғына айналған азамат еді. Әкесі Болат Сарыбаев бастаған ізді жалғастыра отырып, қазақ өнеріне жаңа серпіліс әкелді. Өмірге қайта келген шаңқобыз, жетіген сияқты аспаптарда алғаш ойнаған да, «Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің құрылуына себепші болған да-Талғат Сарыбаев еді. Ол «Өткен күндер», «Қоштасу», «Біз бірге боламыз», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», «Наурыз-думан», «Гавань моей любви» т.б. әндерінің авторы. Елімізде Наурыз мерекесі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз-Думан» әнісіз өтпейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңіне жазылған бұл әнді білмейтін қазақ жоқ.
































Альбомдарға оралу