Menu HELPDESK

Консерваторияда «MusiQuE» халықаралық аккредиттеу агенттігінің өкілдері сараптамалық жұмыстарын бастады


2023 жылдың 16 мамырында «MusiQuE - Music Quality Enhancement» халықаралық аккредиттеу агенттігінен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына арнайы Бакалавриат оқу бағдарламасы бойынша аккредиттеу (1 цикл) комиссиясының құрамы келіп, бүгін, 17 мамыр күні сараптамалық жұмыстарын бастады.

Құрманғазы атындағы ҚҰК еліміздегі кәсіби музыка саласы бойынша білім беретін үш жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Аталмыш аккредиттеу 2017 жылы «MusiQuE - Music Quality Enhancement» жасаған акредиттеуден кейінгі өткізіліп отырған шара. Аккредиттеу бағдарламасында «Вокалдық өнер», «Аспаптық орындаушылық», «Дирижерлеу», «Композиция», «Дәстүрлі музыкалық өнер», «Музыкатану» және «Арт-Менеджмент» секілді ҚҰК бакалавриат деңгейінде ұсынылатын музыкалық бағдарламаларына шолу жасалмақ.

Аккредиттеу барысындағы комиссия құрамына жеке тоқталып өтетін болсақ, әр сала бойынша сарапшы тағайындалған. Комиссия төрағасы, композитор, Гаагадағы Корольдік консерватория директоры Хенк ван дер Мейлен (Нидерланды) композиция және орындаушылық саласы бойынша сарапшы болса, Норвегиялық музыкалық академияның профессоры Ингрид Мария Ханкен (Швеция) музыкалық білім бойынша, композиция және музыкатану бойынша сарапшы Хельсинкидағы Сибелиус академиясы Өнер Университетінің музыка теориясы пәнінің оқытушысы Ханну Ападжалахти (Финляндия), Ольстер оркестрінің басқарушы директоры Ричард Уигли (Жаңа Зеландия) арт-менеджмент және дирижерлеу саласы бойынша сарапшы және қазақстандық сарапшылар Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы философия (PhD) докторы Дәулет Тапенов орындаушылық, дәстүрлі музыка музыка және музыкатану сарапшысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті, Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың артисі Бекзада Самиғолла орындаушылық және дәстүрлі музыка саласы бойынша сарапшы болды.

Келген комиссия мүшелерін қарсы алған консерватория басшылығы жұмыс сессиясы барысында ең алдымен арнайы шолу тобымен мәжіліс залында дайындық кездесу өткізді. Мұнан соң А.Жұбанов атындағы Концерт залында студенттер мен магистранттардың қатысуымен «Дәстүрлі музыкалық өнер» атты концертті тамашалады. Сонымен қатар, Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен ХІV Еуропалық Халықаралық пианистер байқауының жеңімпазы, Королева Елизавета атындағы (Брюссель), Геза Анда атындағы (Цюрих), А.Н.Скрябин атындағы (Мәскеу) халықаралық конкурстардың лауреаты Станислав Хегайдың (фортепиано) концертіне қатысты.

Комиссия құрамының екінші жұмыс күнінде мәжіліс залында консерватория басшылығымен, проректорлар және факультет декандарымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Мұнан соң жұмыс кестесіне сай білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуге және емтихандарды бағалауға жауапты кафедра басшылары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойылды.

Сондай-ақ, аға әкімшілік персоналдардың, яғни бөлім басшыларының қызметі де комиссия мүшелері назарынан тыс қалған жоқ. Б корпусындағы мәжіліс залында өткізілген басқосуда Platonus бағдарламасының презентациясы ұсынылды.

Комиссия құрамының келесі жұмыс сағаты кітапханада жалғасын тапты. Мұнда кітапханаға жауапты қызметкерлермен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға берілді.

Мұнан соң өнер-білім мекемесін тексерудегі бірінші күннің қорытындысын шығарған комиссия мүшелері Камералық залда өткен ҚР Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор, «Дирижерлеу» кафедрасының меңгерушісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері Б.А.Жаманбаевтың шеберлік сыныбына қатысып, ардагер-ұстаз Базарғали Әжиұлының кәсібилігіне тәнті болып, жоғары бағасын берді.

Тексеру тобының жұмысы 19 мамырға дейін жалғасады. Сарапшылар консерваторияда білім алып жатқан студенттермен кездесіп, емтихандарға қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерімен, консерватория түлектерімен және жұмыс берушілермен де кездесу жоспарланған.




















Альбомдарға оралу