Menu
info@conservatoire.kz

Консерваторияда «Жыршылықтың мәнісі» атты ән-жыр кеші өтті


Бүгін дәстүрлі өнердің қарашаңырағында «Халық музыкасы» факультетіне қарасты «Халық әні» кафедрасы Бесқала жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі Наурызбек Нұржаубайұлының 90 жылдығына арналған «Жыршылықтың мәнісі» атты ән-жыр кешін өткізді.

Аталмыш шара Ф.Шопен атындағы камералық залда өтті. Концерт барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Сәуле Жанпейісова мен Айгүл Қосанова, ҚР Мәдениет саласының үздіктері: Армат Исламғалиев, Эльза Қарабалина және Жанаргүл Сәркенова, Республикалық байқаулардың лауреаттары: Күнқожа Қайрулла мен Венера Қаржаубаева жан тебірентер термелердің мақамын бұзбай, нақышына келтіре орындады. Кешті «Халық әні» кафедрасының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Наурызбек жыраудың жиені Күнқожа Қайрулла жүргізді.

Мерекелік шараға өнер-білім ордасының өнерпаз жастары Елнұр Наурызбек, Байбақты Ідірбай, Серік Мәкуов, Аружан Ерімова, Алида Хуанова, Жанар Қорғанова, Бекзат Ермекбай, Әмина Гайнединова әрі Альбина Сабырова сынды студенттер атсалысып, өнерлерін ортаға салды.
Ән-жыр кешінің қонақтары қатарында елімізге белгілі әнші-жыршылар Еркінбай Бабақұлов, Аманқос Садықов, Абай Наурызбекұлы, Аманжол Есмырзаев, Тілек Базаров және Жармедет Тұрғали болды.

Бүгінгі кешке жиналған көрермен ауыздан ауызға тарап, тот баспай жеткен жыршылық өнерді тудырған және насихаттап жүрген өнер иелеріне оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.









Альбомдарға оралу