Menu HELPDESK

Консерваторияның профессорлық-оқытушылық құрамы Талдықорған қаласында кәсіптік бағдар жұмыстарын өткізді



2023 жылдың 16 мамырында Құрманғазы атындағы ҚҰК профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіптік бағдар жұмыстары аясында ҚР еңбек сіңірген артисі, «Қобыз және баян» кафедрасының профессоры А.М.Гайсин, «Арнайы фортепиано» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Л.А.Ақышпекова, «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Т.А.Сапабеков Талдықорған қаласындағы К.Байсейітова атындағы музыкалық колледжге барып, өнер-білім шаңырағының түлектері мен студенттерін консерваторияның тарихымен, музыкалық орындаушылықтың бастауында тұрған қазақстандық өнер және мәдениет саласының майталмандарымен жете таныстырып қайтты.  

Кездесу барысында Құрманғазы атындағы ҚҰК оқуға қабылданудың шарттары мен талаптары жайында ақпараттық жұмыстар жүргізілді.

Қатысушылар қабылдау емтихандары мен кафедралардағы мамандықтарға, шығармашылық емтихандардың талаптарына және бағалау критерийлеріне қатысты әралуан сұрақтар қойып, қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, консерватория ұсынатын жаңа мүмкіндіктер, жаңа мамандықты енгізу, академиялық ұтқырлық, қосымша major-minor бағдарламасы кездесуге қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылықпен қабылданды. Жүздесуден соң көрермендер назарына арнайы дайындалған шағын концерт ұсынылды. Сонымен қатар, консерватория оқытушылары білім алушылармен шеберлік сабақтарын өткізді.

К.Байсейітова атындағы музыкалық колледж әкімшілігі Құрманғазы атындағы ҚҰК ұжымына зор алғыстарын жеткізе отырып, алдағы уақыттарда да өзара қостараптық ынтымақтастыққа сенімділіктерін білдірді.





Альбомдарға оралу