Menu HELPDESK

Консерваторияның студенттік үрмелі аспаптар оркестрі жүлдемен оралды



2023 жылдың 12-13 мамыр күндері Өзбекстанның Ұлттық консерваториясында Үрмелі оркестр мен Ансамбльдердің «Damli sozlar navosi» І Халықаралық конкурс-фестивалі болып өтті. Осы шара аясында «Үрмелі және ұрмалы аспаптарды ойнаудың орындаушылық проблемалары» Халықаралық тәжірибелік конференциясы да өз жұмысын жалғастырды.


Конкурс-фестивальге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедрасы доценті Мұрат Бейсенғалиевтің басшылығымен Студенттік үрмелі оркестрі қатысты. Аталмыш іс-шараға қазақстандық делегацияны кафедра меңгерушісі, PhD докторы Нестерова Олеся бастап алып барды.


Халықаралық конкурс-фестивальге Ресейдің еңбек сіңірген артисі- А.А. Колотушкин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-К.М. Ахметов, Өзбекстан консерваториясының Халықаралық байланыстар проректоры- Ф.Р Абдуллаев, сондай-ақ үрмелі оркестр жетекшілері әділқазылық етті. Бұл жобаға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 25-тен астам үрмелі ұжым қатысты.


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік үрмелі аспаптар оркестрінің орындаушылық шеберлігі жоғары кәсіби деңгейде көрініп, жас ұжымға бағалы сыйлық- «Yamaha» цифрлық фортепианосы табысталды.













Альбомдарға оралу