Menu HELPDESK

М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі консерваторияда



2022 жылдың 27 желтоқсанында Құманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында Жетісу облысының М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің есептік концерті өтті.


Оркестрдің бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, композитор Әли Алпысбаев, көркемдік жетекшісі – Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов.


Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мұхамедиев Оралбай, Оразаев Талғат, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Тәкебаев Жомарт, Кенжеғалиқызы Сағыныш, Мұратқызы Салтанат, Боранқұлова Айгүл сынды жеке орындаушылар өнер көрсетті.


Концерт бағдарламасында отандық және шетелдік композиторлардың оркестрге арналған көлемді туындылары, сондай-ақ, домбыра, қобыз, виолончель аспаптарында жеке шығармалар орындалып, әншілер әсем әндерін әуелетті.


Кеш барысында консерватория ректоры Арман Жүдебаев оркестрдің бірқатар аспапта орындаушы артистерін Алғыс хаттармен марапаттады. Оркестр жетекшілері де Арман Әділханұлы бастаған консерватория ұжымына ризашылықтарын білдіріп, арнайы алып келген кәдесыйын табыстады.


Құрылғанына отыз жылдан асқан ұжым негізінен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектерінен құралғанын ескерсек, өздері қанаттанған алтын ұяларына келіп өнер көрсету және ректордың Алғыс хатына ие болу – оркестр артистері үшін зор мәртебе болса керек-ті. Осындай әдемі музыкалық кеш сыйлаған ұжымға шығармашылық табыстарыңыз мол, еңбектеріңіз жемісті болсын демекпіз.



























Альбомдарға оралу