Menu HELPDESK

«Сағынтай сарыны» кітабы өнерсүйер қауымға жол тартты


2024 жылдың 27 ақпанында консерватория қабырғасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Қобыз және баян» кафедрасының оқытушысы, белгілі қобызшы, зерттеуші, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Саян Ақмолданың «Сағынтай сарыны» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Алғы сөзді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші, консерватория ректоры Әшіров Нұркен Нұрғалиұлы сөйлеп, жиынды ашып берді. 

Тұсаукесу рәсімі Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сағынтай қобызшының тарихта қалуына зор ықпал еткен жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыз бен Сағынтай күйлерін алғаш боп нотаға түсіріп ел игілігіне ұсынған зерттеуші, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым Гүлзада Нұрпейісқызы Омарова апайымызға және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Базархан Әбуұлы Қосбасаров ағамызға бұйырды. Шараға жиналған ұлттық өнерімізді зерттеп жүрген танымал ғалымдар ғылыми еңбекке жоғары бағасын берді.

Консерватория қабырғасында жыл бойына түрлі бағыттағы концерттер, шеберлік-сыныптары, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер, ғылыми еңбектердің тұсаукесерлері, фестивальдар мен байқаулар, әдеби-музыкалық кештер, белгілі өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештері, танымал тұлғалармен кездесулер т.б. іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Еліміздегі кәсіби музыка мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы биыл өзінің 80 жылдығын атап өтуде. Жыл басынан бері мерейтой аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 80 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың мерейтойлық шаралары жыл соңына дейін жалғасып, қараша айында Астана, Алматы қалаларындағы үлкен Гала-концерттермен өз мәресіне жетеді деп жоспарлануда.

Консерваторияның 80 жылдығына орай тұсауы кесілген қобыз күйшілік өнері туралы зерттеулердің қатарына қосылып жатқан келелі еңбек – «Сағынтай сарыны» атты кітап аталмыш өнерді насихаттап жүрген, зерттеп жүрген өнерпаздарға, жас ғалымдарға, қобызшы-ұстаздарға, жалпы өнерсүйер қауымға арналып отыр. Консерватория ұжымы айтулы еңбек авторын құттықтап, шығармашылық табыстарыңыз мол болсын деген тілек білдіреді.










 

Альбомдарға оралу