Menu HELPDESK

«Жүректерді әуенмен толтырайық» атты есептік лекция-концерт өтті


2023 жылдың 5 мамырында, 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкалық білім беру және психология» кафедрасының ұстаздары Алматы қаласының М. Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін орта мектебінде «Жүректерді музыкамен толтырайық» деген атпен есептік концерт өткізді. 

Концертке профессор Л.Т. Калиакбарова, доцент Е.Т. Үсенбаев, оқытушы Э.В. Пак, аға оқытушы Д.Р. Шабденова сыныптарының 4-курс студенттері қатысты. М. Ералы, А. Елемесова, Л. Казимова, А. Сатқынбай, Ә. Сәрсенбай, Ш. Отунчи, Е. Қиса, А. Тыныбековалар негізгі аспаптарда өнер көрсетіп, музыкалық шығармаларды мектеп оқушылары мен ұстаздардың назарына ұсынды. Олар: Құрманғазы «Адай», Жантөре «Шалқыма», Қазанғап «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйлері мен Н. Меңдіғалиев «Поэма – легенда о домбре», Е.Үсенов «Шамші-Дастан», «Кербез сұлу», Қ. Ахмедияров «Арпалыс», А.Тондер «Syiahamba», Сағат «Талшын», Ф. Шопен Ноктюрн до-диез минор, «Қамажай» әніне Л. Борисованың вариациялары, Фибих «Поэма», О. Туссен «Ностальгия», Я.Френкель, Р.Гамзатов «Журавли» және Ә.Алпысбаевтың «Әке арманы».

Болашақ музыка мұғалімдері түрлі музыкалық аспаптарды кәсіби шебер меңгергендігін, орындаушылық деңгейінің жоғарылығын, стильді сезінуді, артистік шеберлігін, сондай-ақ музыкалық-тәрбиелік бағыттағы өз бейнелерін айқын көрсетті. Студенттер өздері орындаған шығарма туралы әңгімелеп, оның тарихы, авторы туралы және орындалып жатқан туындының мәні туралы баяндады.

Директордың атынан мектеп әкімшілігі, ұстаздар қауымы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкалық білім беру және психология» кафедрасының оқытушылар ұжымына жас ұрпақтың музыкалық мәдениетін дамытуға, мәдениетті ұлт тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғыстарын білдірді және консерватория түлектерінің музыкалық-педагогикалық даярлығының сапа деңгейін жоғары бағалады.












Альбомдарға оралу