Menu HELPDESK

«Ән шырқаймын жүректен» атты концерт

25 мамыр
18:30
Үлкен зал

25 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Ән шырқаймын жүректен» атты «Вокалдық өнер» мамандығының бітіруші түлектерінің есеп беру концерті өтті.

Түлектердің көбі – түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары, дипломанттары. Атап айтсақ, Мәдина Әбілдина (Оразбай) Елена Образцова атындағы халықаралық вокалшылар байқауынан жеңіспен оралды;

Дінмұхамед Көшкенбаев Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалшылар байқауында бас бәйгені қанжығалап, Мұқан Төлебаев атындағы республикалық байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталды;

Мақсат Саматов Ескендір Хасанғалиев атындағы І Халықаралық опера әншілері конкурсында Гран-приге ие болды;

Нұрбол Артықбаев Алматы қаласында өткен «Орфей» онлайн-байқауында Гран-при иегері атанып, алыс-жақын шетелдерде өткен Халықаралық вокалшыларға арналған байқаулардан қанжығасын майлап қайтты;

Әмина Рахымжанова Қырғызстан мен Ресей елдерінде өткен «Романсиадалардан» бас жүлдемен оралды.

Нұрбек Амантурұлы Башқұртстанда өткен халықаралық вокалшылар байқауында 1-орын иегері атанды.

Әзиза Әбдірейм мен Салтанат Мұратбек Мұқан Төлебаев атындағы дәстүрлі байқауда 2-орынға ие болса, Меруерт Уали аталмыш байқаудан 3-орынды қоржындап қайтты.

Кеш барысында қазақ, орыс және шетелдік танымал композиторлардың шығармалары жоғары дәрежеде орындалды. Талантты музыканттар қарапайым тыңдаушының қабылдауына қиын арияларды кәсіби шеберлікпен көрерменіне жеткізе білді. Жүректен шыққан әуендер жүрекке жетті.

Биылғы «Вокалдық өнер» мамандығының түлектері – шет-шетінен талантты, өнерлі, мақсаты айқын, арманы асқақ жастар. Мәселен, кеш көркін қыздырған Д.Көшкенбаев, Н.Аманбай, М.Саматов, Н.Артықбаев, Ж.Еркінбаев, С.Әлимұса, Н.Даукаева, М.Бектеева, Г.Сержан, Р.Нұрмұхан, А.Данагүл, М.Медетова, Д.Райыс, М.Ерланова және О.Мұхамедияр сынды өнерпаз жастар болашақта Қазақстанды әлем елдеріне танытып, қазақ опера өнерінің өркендеуіне үлес қосатындығына кәміл сенімдіміз!

Кеш соңында әнсүйер қауым жас өнерпаздардың орындаушылық шеберлігіне оң бағасын беріп, қошеметін жаудырды.












вернуться к списку концертов