Menu HELPDESK

Қазақ консерваториясы аңызға айналған Гнесинкадан делегация қабылдайды


2025 жылдың 27–28 ақпан күндері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы әйгілі Гнесиндер атындағы Ресей мемлекеттік музыка академиясының делегациясын қабылдайды. Шығармашылық мектеп аясында Мәскеуден келген қонақтар студенттер мен оқытушылар үшін ғана емес, өнер әлеміне саяхат жасауға ниетті жандар үшін пайдалы әрі маңызды шеберлік сағаттарын, лекциялар және ашық іс-шаралар сериясын өткізетін болады.

 Делегация құрамында өнер және музыка ғылымының көрнекті өкілдері, соның ішінде: Гнесиндер атындағы Ресей мемлекеттік музыка академиясының ректоры, өнертану ғылымдарының докторы, хор дирижерлығы кафедрасының профессоры Александр Рыжинский; өнертану докторы, психология ғылымдарының докторы, профессор, музыка тарихы кафедрасының меңгерушісі Дина Кирнарская; арнайы фортепиано кафедрасының профессоры, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юрий Богданов; жеке ән салу кафедрасының профессоры Екатерина Стародубровскаялар бар.

 «Музыкатану және композиция», «Арт-менеджмент», «Арнайы фортепиано», «Вокалдық өнер», «Дирижерлік» мамандықтарының барлық деңгейдегі білім алушыларына арналған профессорлардың лекциялары мен шеберлік сағаттары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аудиториялары мен концерттік залдарында өтеді.

28 ақпан күні сағат 17:00 Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Гнесиндер атындағы Ресей мемлекеттік музыка академиясының концерті жоспарлануда. Онда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік аралас хоры да өнер көрсетеді (жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ян Рудковский).

Қазақ ұлттық консерваториясы мен Гнесиндер академиясын білім беру және мәдениет саласындағы ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру барысында пайда болған көп жылдық достық қарым-қатынас пен нәтижелі ынтымақтастық байланыстаратыны белгілі. Сондықтан, шығармашылық мектебі мен концерт нағыз музыкалық мерекеге ұласатыны анық!
 
Альбомдарға оралу