Тіл иесімен кездесу: консерватория студенттері ағылшын тілін тәжірибеден өткізді
Тіл иесімен кездесу: консерватория студенттері ағылшын тілін тәжірибеден өткізді
12 ақпанда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ағылшын тілінің иесі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті Дэниел Шутовпен кездесу өтті. Іс-шараны әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ағылшын тілі оқытушылары Абсатарова Г.Б., Утебаева Б.Т. және Кадырбек А. ұйымдастырды.
Кездесуге 1–2 курс студенттері қатысты. Олар тіл иесінің сөзін тыңдап қана қоймай, онымен ағылшын тілінде еркін сөйлесуге мүмкіндік алды. Әңгіме барысында студенттер Дэниелден Қазақстанға алғаш келгендегі әсерлері, мәдени шокты сезінген-сезінбегені, Алматыдан басқа қандай қалаларда болғаны туралы сұрады. Сондай-ақ Қазақстан мен Америкадағы білім беру жүйесінің айырмашылықтары талқыланды.
Студенттерді ерекше қызықтырған тақырыптардың бірі – қазақтың ұлттық тағамдары. Дэниел өзіне ұнаған тағамдарымен бөлісті. Сонымен қатар, консерватория студенттері оның музыкалық талғамдары туралы сұрап, Қазақстан музыкасына деген қызығушылығын білді. Дэниел музыканы жақсы көретінін және қазақ музыкасын зерттеуге қызығатынын айтты.
Мұндай іс-шаралар студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға, тілдік кедергілерді жеңуге және олардың танымдық деңгейін кеңейтуге көмектеседі. Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті, барлық қатысушыларға жағымды әсер қалдырып, ағылшын тілін одан әрі үйренуге ынталандырды.