Консерваторияда словакиялық әріптестердің шеберлік сағаттары өтті

2025 жылдың 7–11 сәуірі аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Erasmus+ бағдарламасы аясында Братиславадағы Орындаушылық өнер академиясынан келген серіктес ЖОО оқытушылары — Петер Мартинчек пен Марьян Заварскийдің (Словакия) қатысуымен дәрістер, шеберлік сағаттары және ғылыми іс-шаралар өтті.
7 және 8 сәуір күндері М. Заварский мен П. Мартинчек композиция бойынша өткізілген Республикалық студенттік кіші және үлкен олимпиадалардың қазылар алқасының құрамында болды. Қатысушылар өз музыкалық шығармаларын ұсынып, шығармашылық тұрғыдан ойлауда бірегей қабілеттерін көрсетті. Қазылар алқасының мүшелері студенттердің дайындықтарын жоғары бағалады.
8 сәуір күні музыкатанушы, философия докторы, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі деканның орынбасары, Академияның Музыкалық теория кафедрасының ассистент-профессоры П. Мартинчек Музыкатану және композиция кафедрасы ұйымдастырған «Ақпарат көздері — зерттеу — қоғам: қазіргі музыкатанудағы деректану» атты дөңгелек үстелде баяндама жасады. «Словакиядағы классикалық дәуір музыкасы: Реваи дворяндар әулетінің жинағы» атты баяндамасында ол Словакиядағы классицизм дәуірінің музыкалық мұрасына қатысты бірегей материалдарды ұсынып, деректанудың қазіргі музыкалық ғылымдағы маңызын атап өтті.
9 сәуір күні консерваторияда П. Мартинчектің «Тақырыптық каталогтар — зерттеу құралы ретінде: олардың музыкатану ғылымына әсері» атты дәрісі өтті. Лекция оқытушылар мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық пен қызу пікірталас тудырды. Ал 11 сәуір күні П. Мартинчек «Орталық Еуропадағы музыка және ұлттық болмыс: Шығыс пен Батыс арасында» атты баяндамамен «Бүгінгі музыкалық түркітану: мәселелері мен келешегі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алды.
10 сәуір күні композитор, өнертану докторы, Композиция және дирижерлік кафедрасының ассистент-профессоры М. Заварский «Тыныштықтан өнерге: электроакустика, дыбыстық дизайн және мультимедиадағы тәсілдер» атты шеберлік сағатын өткізді. Ол цифрлық дыбыспен, мультимедиалық технологиялармен және кеңістіктік композиция формаларымен жұмыс істеудің заманауи әдістерімен бөлісті.
Словакиялық әріптестердің жұмыс сапары консерватория өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, халықаралық академиялық және шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.