Menu
info@conservatoire.kz

«Қазақстандық академиялық музыканың сандық мұрағаты» жобасы

IMG-20210802-WA0032.jpg

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі бірлесе отырып, 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс «Қазақстандық академиялық музыканың сандық мұрағаты» жобасын ұсынады. Қазақстанның академиялық музыкасы – еліміздің ұлттық мәдени мұрасының маңызды бөлігі, ұлт руханиятының іргетасы, қазақстандық қоғамның мәдени даму деңгейінің көрсеткіші. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан және бүгінгі күні белсенді түрде дамып келе жатқан академиялық музыка саласы барша қазақстандықтар мақтана алатын және мақтан тұтуы тиіс музыкалық жанрлардың кең спектрін, ондаған кәсіби композиторлардың есімдерін, сондай-ақ музыкалық шығармалардың жүздеген үлгілерін қамтиды.

Кеңес заманында елімізде кәсіби композиторлардың әлеуметтік мәртебесі өте жоғары болды, нота шығару, концерттік-филармониялық мекемелердің дамыған желісі арқылы туындыларды концерттік орындау институттары ретке келтірілді, академиялық музыканы грампластинкаларға жазу, оларды республикалық радио және телеарналарда насихаттап, танымалдылығын арттыру тұрақты түрде жүргізіліп отырды. Қазіргідей бұқаралық мәдениеттің үстемдігі жағдайында классикалық музыка мен оның авторларына жеткілікті көңіл бөлінбейтіні белгілі. Бұл ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың күрделі процестерімен, әсіресе, еліміз басынан өткерген экономикалық және дүниетанымдық қиындықтарға байланысты. Қазақстандық композиторлар мен олардың туындылары туралы мәліметтерді жүйелеу, оларды каталогтау, цифрландыру, заманауи ақпарат сақтау құралдарына қайта жазу, қалың жұртшылық үшін оларға қол жетімділікті ашу – еліміздің мәдени саясатының өзекті бағыты болып табылады.

Қазіргі уақытта қолжазбалар мен басылымдардың ең ауқымды жинақтары (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақстан Республикасы Композиторлар одағы кітапханасының қорлары) орталықтандырылды.Қолда бар дүниелерді қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы мақсат – қолжазбалардың жай-күйін сараптамалық бағалау, цифрландыру және ең маңыздыларын қайта басып шығару. 2025 жылға дейін кең көлемдегі қолжетімділіктің цифрлық қорын құру жоспарлануда, онда қолжазбалардың электрондық көшірмелері, цифрланған ноталар мен қазақ музыкасының тарихы үшін аса маңызды саналатын туындылардың аудиожазбалары ұсынылады.

Мұндай ресурс жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарға ұлттық репертуар жасауды едәуір жеңілдетеді. Нәтижесінде Қазақстан әлемдік сахналарда концерттен концертке қайталанатын жекелеген туындылармен ғана емес, жаһандық мәдени үдерістерде орнықты орны бар өзінің қайталанбас ұлттық музыкалық мәдениетімен тұтас танылатын болады.



вернуться в альбомы