Menu HELPDESK

«Өнер» мамандықтары бойынша өткен Республикалық оқу-әдістемелік кеңес мәжілісінде қазіргі заманғы шығармашылық білім берудіңөзекті мәселелер талқыланды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 2018 жылдың 8 қараша күні ҚР БжҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру Оқу-әдістемелік бірлестігі (ОӘБ) «Өнер» тобының «Музыкатану» «Аспаптық орындаушылық», «Вокалдық өнер», «Дәстүрлі музыкалық өнер» «Дирижерлау» және «Арт-менеджмент» мамандықтары бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңес (РОӘК) мәжілісі болып өтті.

Аталған мәжіліске Қазақ ұлттық өнер университетінен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясынан, А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен мүшелер қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясынан, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрынан, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінен, К.Байсейітова музыкалық мектебінен келген өкілдер де жоғары оқу орнын бітірушілердің жұмысқа орналасу қиындықтары туралы өз ойларын білдірді.

«Болашақта жалпы жоғары оқу орындарында білім саласында үлкен өзгерістер күтілуде. Осы орайда ҚР жоғары білімін реформалау бағытында болашақ музыкант мамандарды оқыту үрдісін басқарудың тиімділігін арттыру жолдарын өнер саласындағы мамандар арқылы шешу қажет. Тиімді білім беру үрдісіне бүгінгі күн тұрғысынан сараптама жасау да маңызды болып табылады», -деген консерватория ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Жүдебаев мәжілістің өту барысын айқындады.

Мәжілісте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, профессор, өнертану ғылымдарының кандидаты Г.Б. Әбдірахман Білім беру үрдісін жаңғырту жағдайындағы шығармашылық жоғары оқу орындары туралы баяндама жасаса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, доцент (PhD), өнертану ғылымдарының кандидаты Ғ.З.Бегембетова бітірушілерді жұмысқа орналастырудың заманауи тәсілдері туралы ойын ортаға салды. Сол сияқты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халықаралық бөлім жетекшісі Ж.Р. Абдухалықбаяндаған сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырудағы мәселелер және оны шешу жолдары да назардан тыс қалған жоқ.

Мәжіліс соңында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жан-жақтан келген мәжіліс мүшелері білім беру үрдісінде орын алып жатқан жаңа өзгерістер, музыкалық білім берудің даму бағыты жайында өз пікірлерін білдіріп, дөңгелек үстелді қорытындылады.

РУМС 1.jpg

 

DSC_0689444.jpg

DSC_0601111.jpg

 DSC_06292222.jpg 

 DSC_0637333.jpg

 

 

 

Альбомдарға оралу