Құрманғалиева Ләйлә Қабылқайырқызы консерваторияда қонақта болды
22 ақпан 2020
2020 жылдың 21 ақпанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Б» корпусындағы 227 аудиториясында «Музыкалық білім беру және психология» кафедрасының студенттеріне музыкалық ағартушылық аясында, аға оқытушы Шабденова Дария Рахымәліқызының ұйымдастыруымен Т. Жургенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, Ғарифолла Құрманғалиевтің келіні – Құрманғалиева Ләйлә Қабылқайырқызы және консерваториямыздың «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедрасының оқытушысы Зейінғалиева Зухра Шавкатқызымен кездесу ашық сабағы өтті. Кеште Құрманғалиева Л.Қ. студенттерді Ғарифолла Құрманғалиевтің өмірімен, шығармашылығымен және музыкалық мұрасымен таныстырды. Құрманғалиева Л.Қ. Ғ.Құрманғалиевтің композиторлығы мен дәстүрлі әншілік шығармашылығы туралы ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мәдениеті мен тарихы және бүгінгі күндердің тарихи оқиғалары туралы айтып берді. Және де қонағымыз «Әнімен елін тербеген» атты Ғарифолла Құрманғалиевтің 110-жылдығына арналған кітабымен таныстырды. Кітапта әйгілі өнер иесі туралы замандастарының, әріптестерінің естеліктері, ақындардың арнау өлеңдері, жеке өзінің 100-ден аса әндері, фотосуреттері, толғаулары, «Құламерген» атты жыры берілген. Кітап құрастырушысы Меруерт Санатқызы Құрманғалиева – Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық университетінің доценті, Ғ.Құрманғалиевтің немересі. Келесі қонағымыз, Зейінғалиева З.Ш., ашық сабақ барысында студенттерге флейта аспабының шығу тарихымен қатар үрмелі аспаптың түрлерімен таныстыра отырып, бірнеше музыкалық шығармаларын орындап берді. Студенттерге флейта аспабының жеті түрі таныстырылып көрсетілді. Шабденова Дария Рахымәліқызы ашық сабақты презентация түрінде слайдтар, бейнематериалдар, басқа да мәліметтерімен көркемдеп ұсынды. Кездесуде алынған ақпараттар студенттердің таным-білімін кеңейтті.



Альбомдарға оралу
Шабденова Дария Рахымәліқызы
педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы



Қабылдау 2025