Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті

Мемлекет басшысы бұл съездің Қазақстанның дамуына жаңа дем беретінін айтты. Отырыста бас партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасы көпшілікке таныстырылды. Маңызды құжат 10 бағыттан тұрады. Онда көпбалалы отбасыларға және зейнеткерлерге берілетін жәрдемақы көлемін ұлғайту мәселесі қаралған. Жұмысшылардың жалақысын көтеру, елді баспанамен қамту, экономиканы цифрландыру және жастарға сапалы білім беру жайттары да назардан тыс қалмады. Одан бөлек отандық медицинаны дамытуға да жіті көңіл бөлінеді.
Съезге қатысу үшін республикамыздың барлық өңірлерінен 2000-нан астам делегаттар жиналды. Олардың ішінде елімізге танымал қоғам қайраткерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» атақтарының иегерлері, əр түрлі сала мамандары, ірі кəсіпорын жетекшілері, ғылым жəне шығармашылық интеллигенция, үкіметтік емес жəне жастар ұйымдарының өкілдері, «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы жеңімпаздары, партия филиалдарының белсенді қызметкерлері бар.
«Нұр Отан» партиясының XVIII съезіне Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Әділханұлы Жүдебаев та қатысты.
