Menu HELPDESK

Қазақтың Қаршығасы тірі болғанда 75 жасқа толар еді...

Бүгін – Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші, талантты композитор Қаршыға Ахмедияровтың туған күні. 65 жасқа қараған шағында дүние салған күйшінің көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді.

         Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылғы 25 наурызда қазіргі Атырау облысы, Ма­хамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы мемлекеттік кон­серваториясының «Халық аспаптар» факультетін тәмамдаған. 1986-1988 жылдары Мәскеу қаласында Жоғары дирижерлік курста оқыған. 1967-1994 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық оркестрінде домбырашы, кейін­нен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметін атқарған әрі көркемдік кеңестің мүшесі болған. 1974 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық қызмет атқарған. 1994 жылдан профессор, 1996 жылдан «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген.

Қаршыға Ах­ме­дияров ұстаздық қызметінде жас өнер­паздарды күй өнеріне баулып, домбыра тар­тудың қыр-сырын үйретті. Ол өзінің орындаушылық мектебін қалыптастырып, шә­кірттерінің шеберліктерін әбден шыңдап, күйші-орындаушылардың жаңа буынын тәрбиелеп шығарды.

Құрманғазы мен Дина туып-өскен топырақтан нәр алған Қаршыға Ахме­дияров аса дарынды күйші ретінде елге танылып, халықтың шексіз ықы­ла­сына бөленді. Оның орын­даушылық шебер­лігіне шетелдік көрермендер талай рет тәнті болған. Әйгілі күйшінің өнеріне АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Шве­ция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Пор­ту­га­лия, Чехия, Венгрия, Йемен, Ан­гола және басқа да көптеген елдердің көрер­мен­дері ықыластана қол соқты. Белгілі музыка шеберлері күйшінің өнерін өте жоғары бағалаған. Қ.Ахмедияровтың репер­туарында халық композитор­ла­ры­ның және заманауи композиторлардың күйлері, сондай-ақ шетел компо­зи­тор­ларының да шығармалары бар. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық оркестрінің мәртебелі сахналарда өнер көрсетіп, беделінің биіктей түсуіне Қаршыға Ахмедияров үлкен үлес қосты. Ол дарынды домбырашы, дәулескер күйші ғана емес, композитор ретінде де жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Оның «Шашақты найза, шалқар күй», «Шынар», «Табыну» жинақтары елден лайықты бағасын алды. Қар­шыға Ахмедиярұлы – «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Атамекен», «Атырау», «Ақ қайың», «Желдірме», «Қайран әке», «Жырау», «Ғазиза», «Қазанғап Ақжелең», «Шамғон Ақжелең», «Раушан гүлім», «Би», «Алтын ұя», «Шабыт», «Елбасы», «Нұрғиса», «Құрдастар», т.б. бірнеше белгілі күйлердің авторы. Бұл күйлер қазақ халқының рухани қазынасына қосылған құнды дүниелер болып саналады.

Қ.Ахмедияров «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» музыкалық антологиясын әзірлеуге өлшеусіз үлес қосты. Біртуар азамат мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Мемлекеттік сый­лық­қа ие болған, «Парасат» орденімен марапатталған. Көрнекті күйшінің жарқын бейнесі оның өнерін қадір­лей­тіндердің есінде мәңгі сақталмақ, ағамыздың пейіште нұры шалқып, артында қалған ұрпағы аман болсын деп тілейміз!


Альбомдарға оралу