Menu HELPDESK

Белгілі қазақ музыкатанушысы, өнертану кандидаты Мәриям Мұхатайқызы Ахметова 100 жаста!

Мария Ахметова.jpg

Мариям Мұхатайқызы Ахметова 1921 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Шу ауданы Кеңес (Кукбастау) ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1951 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының тарихи-теориялық факультетін бітірген. 1951 жылы ҚазКСР ҒА Президиумы жанындағы өнертану секторы Мәриям Мұхатайқызын Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасына өнертану докторы, профессор В.М. Беляевтің сыныбына іссапарға жіберді.

Мариям Мұхатайқызы Ахметова 1957 жылы «Қазақтың халық дәстүрлері және оның Кеңестік Қазақстан композиторларының ән шығармашылығындағы дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1958 жылдан ҚазКСР ҒА Әдебиет және өнер институтының музыка өнері бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Сол жылы КСРО Композиторлар Одағының мүшесі, 1962-1968 жылдары музыкатану секциясының жетекшісі, ал 1968 жылдан бастап Қазақстан Композиторлар Одағының Басқарма мүшесі болды. 1962 жылы КСРО Композиторлар Одағының III және IV съездерінің делегаты, ал 1972 жылы XIX - XX ғғ. Орталық Азия елдерінің әлеуметтік және мәдени дамуы бойынша ЮНЕСКО халықаралық конференциясының делегаты болып сайланды.

Оның қазақ халық әнінің өзекті мәселелеріне арналған бірнеше ірі жеке монографиялары бар. Солардың ішінде «Песня и современность» (1968 ж.), «Казахские народные песни о Ленине» (1969 ж.), «Казахские песни» (1970 ж.), А. Жұбанов және Б. Ерзаковичпен бірлесе жазған «Казахская советская музыка» (1975 ж.), «Традиции казахской песенной культуры» (1983 ж.), «Ән және уақыт» (1983 ж.) айтуға болады.

Мариям Мұхатайқызы Ахметова – өнертану бойынша кандидаттық диссертациясын Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Кавказ өңірі өкілдерінің ішіндегі Мәскеуде қорғаған алғашқы қазақ әйелі.

Бүгін қазақ музыкатанушысы, өнертану кандидаты Мәриям Мұхатайқызы Ахметова 100 жасқа толып отыр. Мәриям Мұхатайқызын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Осы қуанышты күні Сізге деніңіздің саулығын, шаңырағыңызға ырыс байлығын, жүрегіңізге мәңгі жастық жалынын, көңіліңізге сезімнің шалқыған шаттығын тілейміз. Әрдайым осы тыңғылықты да тындырымды қалпыңыздан танбай, табыстан табысқа жете беріңіз


Альбомдарға оралу