Бірінші курс студенттерінің онкүндігі
Жаңадан студент атанған, кешегі оқушылардың жаңа өмірге бейімделуіне, болашақ мамандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау үшін консерватория кітапханасында жақсы дәстүр қалыптасқан. Ол дәстүр – бірінші курс студенттерінің онкүндігі.
«Бірінші курс студенттерінің онкүндігі» бұл – кітапханамен таныстыру үрдісі, кітап көрмелерінің тұсаукесері, библиографиялық көрсеткіштерді шолу, «Springer», «Web of Science», «Scopus», «ScienceDirect» дерекқорында тіркелу, өз бетінше ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақтар.
«Бірінші курсқа көмектесу» көрмесі студенттерді консерватория ұзтаздарының ғылыми еңбектерімен және оқу әдебиеттерімен, музыкалық сөздіктермен, анықтамалықтар және энциклопедиялармен таныстырады.
Консерваторияның бірегей музыкалық қорын сақтауға арналған «Өмір-ғасыр», «Ғұмырлы бол, кітап!» виртуалды көрмелері ерекше қызығушылық тудырды.
Онкүндік барысында бірінші курс студенттеріне «Кітапханаға арналған нұсқаулық» бейнеролигі көрсетілуде.
Көптеген студенттер мол ақпаратты дереу сіңіре алмайтыны мәлім. Сондықтан, кітапхананың айтары: «Егер бірнәрсені түсінбесеңіз кітапханашыдан сұраңыз!». Осы мақсатта әрбір студентке ақпараттық хабарлаушы флайерлер беріледі.
Біз бірінші курс студенттеріміздің болашақта кітапханамыздың белсенді оқырмандарына айналатынына сенеміз.