Menu HELPDESK

Kazakh Quartet музыканттары Құрманғазы атындағы ҚҰК шеберлік кластарын өткізді

9 қыркүйекте Құрманғазы атындағы ҚҰК Кіші залында Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетімен шығармашылық кездесу өтті.

Кездесу шеберлік класс түрінде өткізілді, бірінші бөлімінде ұжымның көркемдік жетекшісі Ернар МЫНТАЕВ квартеттің құрылуы жөнінде айтып кетті. Импровизациялық концерт ретінде жалғасын тапқан екінші бөлімде кеш қонақтары, ұстаздар мен студенттер ішекті аспаптар ансамблінің жоғары деңгейлі орындаушылық шеберліктеріне тамсанды.

Кездесу барысында ішекті аспаптар квартетінің жанрлық ерекшеліктері, жалпы квартеттік мәдениет туралы сөз қозғалды. Ернар Мынтаев «ішекті аспаптар квартеті классикалық камералық музыкада ерекше жанр. Оның ерекшелігі күрделілігі мен ұжым ішіндегі ансамбльдік орындаушылыққа қол жеткізуде» екендігін атап өтті.

Жетекшінің айтуы бойынша, алғашында жастардың жалынды қызығушылығы басым болып, кейін аты аңызға айналған ішекті аспаптар ұжымдарының орындаушылық шеберліктерін зерделей басталды. Дегенмен, жастардың профессор В.А. Берлинскиймен танысуы, ансамбльге жаңа шығармашылық тыныс әкеліп, музыканттардың бүгінгі күнге дейінгі табыстарға қол жеткізуіне ерекше ықпалын тигізді.

«Біздің квартет 1988 жылы А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп қабырғасында дүниеге келді. Бастапқыда достардан құралған квартет, кейін музыкалық шеберлікті шыңдау барысында құрамы өзгеріп отырды. Қазіргі таңда, квартеттің бірінші скрипакашысы Айдар Тоқталиев, екінші скрипка Алексей Лебедев, альт Бекзат Сайлаубайұлы, виолончель Ернар Мынтаев», – дейді квартет жетекшісі.

Сондай-ақ, музыканттар өз репертуарларынан шығармалар орындаумен қатар, болашақ концерттік бағдарламаларымен бөлісті. Шеберлік класс соңында квартет жетекшісі Ернар Мынтаев өнердің қара шаңырағында өнер көрсетулеріне ықпалын тигізген консерватория ректоры, ҚР Халық артисі Ж.Я.Әубәкірова мен ҚР Халық артисі, профессор Г.К. Мырзабековаға алғыстарын білдірді.

«Консерватория біз үшін ерекше орын, өйткені бұл өнердің қара шаңырағы. Мұнда біз білім алдық, өнер көрсеттік. Бүгінгі студенттер секілді біз де өнердің шыңына жетуді армандадық. Бүгінде біз белгілі бір белестерге қол жеткіздік, бірақ та музыкада барлығына қол жеткіздім деп айту мүмкін емес. Шыңдалудың шегі жоқ. Сондықтан да, мүмкіндік туындап жатырса біз әйгілі профессорлар, өз кәсібінің шеберлерінен сабақ алудан бас тартпаймыз».


Кездесу барысында В.А.Моцарт, М.Равель, Г.Үзенбаеваның ішекті аспаптар квартетіне лайықтаған Құрманғазының шығармалары орындалды.

Малика ДАУЫЛБАЙ, Құрманғазы атындағы ҚҰК ақпараттық бөлімі
Альбомдарға оралу